Украинада Астанадағы сауда орталықтарының біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар берген деген күдікке ілінген жасөспірім ұсталды. Бұл туралы Қазақстанның Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Күдікті – Сумы қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны. Ол 26 тамызда ұсталған, алайда бұл жөніндегі ақпарат енді ғана белгілі болып отыр.
Тінту кезінде одан мобильді телефондар, планшет, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді.
«Электрондық құрылғылардан цифрлық айғақтар, оның ішінде пайдаланылған аккаунт, хабарлама мәтіні және өзге де мәліметтер анықталды. Мүмкін болған сыбайластарын анықтау және ұсталған адамның ұқсас фактілерге қатысын тексеру үшін тәркіленген техниканы талдау жүргізілуде. Келесі процессуалдық шешімдерді қабылдау мәселесі бойынша Украина құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.
Министрлік жалған жарылғыш зат қойылды, терроризм, кепілге алу және қауіпсіздікке қатысты өзге де қатерлер туралы жалған ақпарат қылмыстық және құқықтық салдарға әкелетінін ескертті.