“Қажетті шараларды қабылдады”: министрлік маймыл шешегіне қатысты мәлімдеме жасады

Елде маймыл шешегінің  бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ

Фото: gov.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі маймыл шешегінің ағымдағы жағдайы туралы және еліміздің аумағында инфекцияның таралуын болдырмау бойынша қабылданған шаралар туралы азаматтарды хабардар етеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында маймыл шешегінің  бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияны елге әкелудің алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдады.

Әуежайлар мен шекара өткелдерін қоса алғанда, санитариялық-карантиндік пункттерде бақылау шаралары күшейтілді. Маймыл шешегі тіркелген елдерден келген азаматтарға назар аударылады.

Инфекцияның ықтимал таралуын болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға келесідей сақтық шараларын сақтауды ұсынады:

1. Ауру адамдармен және жабайы жануарлармен байланыста болудан аулақ болыңыз. Вирус жұқтырған маймылдармен, егеуқұйрықтармен және басқа жануарлармен байланыста болуы мүмкін.

2. Қорғаныс құралдарын қолданыңыз. Жануарлармен немесе олардың өнімдерімен байланыста болған кезде қорғаныс киімдері мен қолғаптарын қолдану маңызды.

3. Гигиенаны сақтау. Қолды үнемі жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдану инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.

4. Аса қажеттілік туындамаса, маймыл шешегі тіркелген елдерге шықпауға кеңес береміз.

5. Алғашқы белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгініңіз. Егер бөртпе, жоғары температура және басқа да белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауда және кез келген өзгерістерге жедел ден қоюға дайын.

Айта кетейік, аурудың инкубациялық кезеңі - 5-тен 21 күнге дейін созылады. Адамдарда клиника жоғары қызба, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас айналуымен сипатталады.

Аурудың ұзақтығы 2-3 апта, өздігінен емделуге бейім. Маймыл шешек ауруының негізгі көзі жабайы жануарлар: приматтар мен кеміргіштер (тиіндер).

Инфекция жұқтырған адамның қанымен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен, сондай-ақ ауру жануардың етін қолдану арқылы да пайда болуы мүмкін.

 

Жүктелуде...