Түркия мен Әзербайжанда бұл қадам ұйымның дербестігіне әсер етуі мүмкін деген қауіп айтылса, Кремль ұсынысты қолдады.
30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді ұйым жұмысына тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Президенттің пікірінше, Мәскеу «ТМҰ+» форматында немесе бақылаушы мәртебесінде қатыса алады. Ол Ресейдің түркі әлемімен тарихи байланысы бар екенін атап өтті.
Қазақстан басшысының бастамасы Түркия мен Әзербайжанда қызу талқыланды. Кейбір сарапшылар мен комментаторлар Ресейдің ұйым жұмысына араласуы оның дербестігіне әсер етіп, ішкі күштер тепе-теңдігін өзгертуі мүмкін екенін алға тартты. Түркияда бақылаушы мәртебесін алу үшін қойылатын тілдік талаптар да еске салынды.
Ал Кремль бұл ұсынысқа оң көзқарас білдірді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің ұйым жұмысына қатысуын орынды деп санайтынын жеткізді. Алайда оның айтуынша, Ресейге әзірге ресми шақыру түспеген.
Сарапшылар Астананың бастамасын ұйым ішіндегі Түркия ықпалын теңгеруге және өңір елдері арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге деген ұмтылыспен де байланыстырады.
Қазіргі уақытта Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мүше. Ал Венгрия мен Түрікменстан бақылаушы мәртебесіне ие.