Атырау облыстық инфекциялық ауруханасында бір отбасының екі мүшесі ем қабылдап жатыр. Исатай ауданының тұрғыны 12 тамызда ауру белгілерімен медициналық мекемеге жатқызылған. Зертханалық тексеру нәтижесінде оның Қырым-Конго геморрагиялық қызбасын жұқтырғаны ПТР арқылы расталды.
Қазір науқастың жағдайы тұрақты, ауырлығы орташа деп бағаланып отыр. Дәрігерлер оң динамика бар екенін атап өтті.
Отбасының екінші мүшесі де медициналық бақылауда. Оның жағдайы тұрақты, ал Қырым-Конго геморрагиялық қызбасына жасалған ПТР-тест нәтижесі теріс болған.
Науқастармен байланыста болған азаматтар медициналық бақылауға алынған. Сонымен қатар инфекция тіркелген аумақта ауыл шаруашылығы және үй жануарларынан, сондай-ақ кенелерден сынамалар алынған. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі теріс шыққан.
Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы – көбіне жұқтырған кенелер арқылы тарайтын вирустық инфекция. Ауру жоғары дене қызуы, қатты бас және бұлшықет ауыруы, әлсіздік, жүрек айнуы сияқты белгілермен басталуы мүмкін. Ауыр жағдайда қан кету қаупі бар.
Қазіргі таңда инфекцияның нақты таралу көзі анықталғаны туралы ақпарат жоқ.