Не болды?
Жаздың соңында Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен шығарып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіне ауыстырылатынын жариялады. Бұл – дәрігерге қаралу немесе дәріні тегін алу үшін міндетті түрде сақтандыру қажет деген сөз. Бұрын мұндай шектеу болмаған.
Бұл хабар науқастардың ашу-ызасын туғызды. Олар әлеуметтік желілерде үн қатып, өзгеріске қарсы шықты.
Министрлік болса, «керісінше, көмектің ауқымы кеңейеді» деп сендірді.
Вице-министр Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша:
«Қазір диабетімен ауыратындардың 96 пайызы сақтандыру жүйесінде бар. Ал балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүгедектер және басқа да әлсіз топтар үшін жарнаны мемлекет төлейді».
Алайда пациенттік ұйымдар арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, дәрі-дәрмекпен қамтудағы қиындықтарды және министрліктің реформасы қандай қауіпке әкелетінін айтты. Олар дәрі мәселесін шешіп, қант диабетіне қарсы бірыңғай ұлттық бағдарлама қабылдауды талап етті.
Қазір жағдай қалай?
«Диабеттік ата-аналар комитеті» қоғамдық қорының жетекшісі Руслан Закиев:
«Бір жарым ай бойы министрлікпен келіссөз жүргізуге тырыстық. Қарсылық емес, диалог арқылы шешеміз деп ойладық. Өкінішке қарай, қателесіппіз. Барлық еңбегіміз еш нәтиже бермеді», – дейді.
Оның сөзінше, қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығару іс жүзінде шешілген. Себебі министрлік жаңа кодекске өзгертілген тізімді енгізген. Ал кодекс – ең жоғарғы заң күші бар құжат. Демек бұрынғы тізімнің күші жойылады.
Петицияда былай делінген:
«Мемлекет реформалар жасай алады, бірақ ол азаматтардың өмірі мен денсаулығы есебінен болмауы тиіс. Диабеті бар адамдар білім алуда, жұмыс табуда, медициналық көмекке қол жеткізуде талай кедергілер көреді. Соңғы өзгерістер жағдайды одан сайын ушықтырады».
Науқастардың айтуынша, мәселе тек дәріде емес – өмір сүру құқығында. Ол сақтандыруы бар-жоғына, жасына немесе әлеуметтік санатына тәуелді болмауы керек.
Қанша адам ауырады?
2025 жылғы ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 535 033 адам қант диабетімен тіркеуде тұр. Оның ішінде:
- 504 456 адам (95%) – 2-типті диабетпен;
- 30 577 адам – 1-типті диабетпен, оның ішінде 5 625-і – 18 жасқа дейінгі балалар.
1-типті диабетпен ауыратындар күн сайын инсулин қабылдауы тиіс. Оларды тегін қызметтерден МӘМС-ке көшіру – денсаулығына қауіп төндіреді.
Руслан Закиев:
«95% науқас МӘМС жүйесінде бар дейді министрлік. Бірақ 5% – шамамен 1600 адам – сыртта қалады. Сонда бір жарым мың адамның өмірі маңызды емес пе?» – деп ашынады.
2-типті диабет
Бұл түрі әдетте артық салмақпен байланысты және өмір салтын өзгертумен белгілі бір деңгейде бақылауға болады. Бірақ Қазақстанда, әлемдегідей, көбіне асқынған кезде анықталады. Мұндай жағдайда дәрі-дәрмекпен ем қосудың маңызы зор.
Закиевтің айтуынша:
«Тек диета мен спорт жеткіліксіз. Дәріні алып тастаудың соңы – асқынулардың көбеюіне әкеледі».