Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Отандық азық-түлік өндірушілерін жүйелі қолдауды көздейтін заң жобасы үкіметке жолданды

Регламентке сәйкес, енді заң жобасы үкіметтің қорытындысын алуға бағытталатын болады

Отандық азық-түлік өндірушілерін жүйелі қолдауды көздейтін заң жобасы үкіметке жолданды
Фото: newsroom.kz

Amanat партиясының Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі кеңесі мен ҚР Президентінің Іс басқармасының жанындағы Парламентаризм институты дайындаған отандық азық-түлік өндірісін қорғауға бағытталған «Сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын алдын ала талқылау аяқталды,-деп хабарлайды newsroom.kz

Құжат мәтіні бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен жұмыс тобының отырыстары барысында жан-жақты талқыланды. Регламентке сәйкес, енді заң жобасы үкіметтің қорытындысын алуға бағытталатын болады.

Төрт бейінді ведомство: Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Ауыл шаруашылығы министрлігі заң жобасындағы ұсыныстарды талдап, өз бағасын беруі тиіс.

Жұмыс тобының қызметі барысында ҚР Азық-түлік секторының салалық одақтар альянсы өкілдерінің қатысуымен бірқатар сараптамалық кеңестер мен консультациялар өтті. Олардың шеңберінде сауда қызметін реттеудің айтарлықтай күрделі және сонымен бірге негізгі мәселелерін қоса алғанда, түрлі мәселелер бойынша ұстанымдардың біртіндеп жақындастырылуы болды. Жаңа заң жобасы ұсыныстарының басым бөлігі барлық бейінді мемлекеттік органдардың өкілдерінен қолдау тапты. Салалық одақтар альянсында мемлекеттік органдар оң қорытынды беретініне және үкімет отандық экономика үшін стратегиялық маңызды және отандық тауар өндірушінің мүдделерін іске асыратын патриоттық заң жобасын қолдайтынына сенім білдіреді.

Заң жобасын талқылау «Атамекен» ҰКП өкілдерін, ірі сауда желілерін, сондай-ақ өндірушілер мен сауда секторы арасындағы күрделі нарықтық өзара қатынастардың барлық тұстарын егжей-тегжейлі зерделеу талап етілетін мемлекеттік органдарды қоса алғанда, барлық тартылған тараптардың қатысуымен өтті. Талқылау процесі оңай болған жоқ, бірақ бұл жұмыстардың барлығы оң нәтиже берді. 

«Азық-түлік өндірушілері үшін бұл заң өте маңызды. Бүгінгі таңда барлық қазақстандық тұтынушыларға біздің дүкендерде импорттық азық–түлік өнімдері басым екені анық, бұл ретте импорттық азық-түлік пен қазақстандық азық-түлік арасындағы бәсекелестік көптеген себептер бойынша мүлдем әділетсіз. Сондықтан осы нарықтағы қатынастарды реттеу, қазақстандық сауда желілеріндегі өнімдерді сату процесін адал және әділ ету қажет. Заң жобасының ережелері дәл осыған бағытталған. Біз бейінді министрліктердің, жалпы ҚР Үкіметінің қолдауына үмітімізді артамыз. Заң жобасы оң қорытынды алып, күзде депутаттардың кәсіби талқылауы үшін ҚР Парламенті Мәжілісіне түседі деп үміттенеміз», – деп түсіндірді Қазақстан Сүт одағының директоры Владимир Кожевников.

Қазақстанның Ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Юлия Нам өз кезегінде заң жобасында көрсетілген мәселелер өзекті болып табылатынын және заңнама деңгейінде бұрыннан бері шешуді талап ететінін айтты.

«Отандық тауар өндірушілер біздің нарықта импорттық өнімнің артып келе жатқан үстемдігі туралы айта отырып, дабыл қағып отырғанына бірнеше жыл болды. Біз, қазақстандық өндірушілер, қазіргі уақытта импорттық өнімдермен сапасы мен ассортименті бойынша еркін бәсекелесе аламыз, бірақ, өкінішке орай, бағасы бойынша емес, өйткені оған бізге тәуелді емес көптеген факторлар әсер етеді. Ең алдымен, ол қазақстандық азық-түліктің біздің ішкі нарықтағы сауда сөрелеріне қол жеткізу факторы. Өндірушілердің сауда желілеріне сыйақысы, олардың қызметтері үшін төлем, «ретробонустар» деп аталатын сыйақы түрі де қиын мәселе. Бұл мәселені нақты реттеу керек. Бизнес субъектілері саудамен қарым-қатынастарын барабарлық негізде құруы үшін сауда үстемесінен басқа барлық алымдар мен төлемдерді алып тастау керек. Сауда компанияларын олардың шығындары жабылатын сауда үстемесі мөлшерінде шектемеу керек, бірақ сыйақының басқа түрлеріне тыйым салу керек. Дәл осы тәсіл заң жобасына енгізілген және бүгінгі таңда мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің қазақстандық өндірушіге құлақ салып, ұлттық экономикалық мүдделерді қорғауы біз үшін өте маңызды», – деп белгілеп өтті Юлия Нам.

Заң жобасын дайындау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов қорытындылағандай, жаңа заң алдын ала талқылаудың қиын кезеңінен өтті, енді іс оған Парламентте одан әрі қарауға «рұқсат» беруі тиіс Үкімет сарапшыларына байланысты.

«Біз Қазақстанның отандық азық-түлік өндірушілерінің бастамасын қолдадық және елдің ішкі нарығында қазақстандық тамақ өнімдерін өндірушілердің құқықтарын қорғайтын заң жобасын дайындадық. Жұмыс тобындағы талқылаулар барысында өндірушілер көтеріп жүрген мәселелердің шын мәнінде өзекті екеніне тағы да көз жеткіздік. Сауда саласындағы жағдай көптеген сұрақтар туғызады. Импортталған азық-түлік өнімдерінің сауда сөрелерінде алатын орны артып келеді, өйткені сауда компанияларына олармен жұмыс істеу тиімдірек. Қазақстандық өндірушілер көбінесе тысқары қалады немесе салыстыруға келмейтін шығындарды көтеруге мәжбүр болады. Мұндай жағдай Қазақстанның ұлттық экономикасының мүддесіне сай келмейтіні анық және біз оны түзетуге тиіспіз. Ішкі нарықты қорғаудың барлық тетіктерін пайдалану қажет. Қазіргі таңда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономикада протекционистік тәсілдерді енгізу міндетін қойып отыр. Біздің ойымызша, қазақстандық өндірушілер саудада басымдыққа ие болуы керек, бұл мемлекет мүддесі үшін. Қазақстандық тауарлардың кепілді көлемі бар арнайы сөрелер, сауда залдарындағы ең жақсы орындар, жергілікті өндірушілер күндері, түрлі акциялар, дәм тату, мерекелер және т.б. қажет», – деді Нұржан Әшімбетов.

Заң жобасын әзірлеушілер жүргізілген жұмысқа қанағаттанып, үкіметте қазақстандық азық-түлік нарығында өркениетті, адал және айқын жағдайларды қалыптастыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және отандық тауар өндірушіні қолдауға бағытталған заңнамалық жаңалықтарды қолдайды деп күтеді. Үкіметтің оң қорытындысын алған жағдайда заң жобасы күзде талқылау үшін және дауыс беру үшін Мәжіліске жіберілетін болады.