Патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендетудің бірден-бір жолы, бұл – еңбек, еңбек және тағы да еңбек, – деп хабарлайды newsroom.kz
Мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да осы сөз ұлықтала беруі керек. Жұмыссыз жүрген жандарға дайын балықты беріп қоймай, оны аулауға қажет қармақты қолға ұстатқан дұрыс. Міне, біз тілдескен кезекті кейіпкердің пікірі осыған саяды.
Экономистен тігінші шыға ма?
Осындай қазақы қалыпқа сай қалаулы кәсіппен айналысып жүргендердің бірі – Арайлым Нәсіпқалиева. Ол о заманнан келе жатқан тот баспас тігіншілік өнерін өркендетіп отыр. Оның қолынан шыққан ғажайып туындыларға ортақ бір ерекшелік бар. Бұл – әр өнімнің өзіндік оюмен өрнектеулі. Осы орайда, біз күнделікті кәсіптен мол табыс тауып отырған ісмермен тілдесіп көрдік. Бір қызығы, ол экономист мамандығы бойынша жоғары білім алғанын айтады.
– 1994 жылы Құрманғазы ауданында туылып, ауылдың ала құмында өсіп-өндік. Есейіп, ес білген соң, арман қуып Орал қаласына аттанып кеттік. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне түсіп, экономист мамандығын меңгеріп шықтым. Алғашқы еңбек жолымды да өзім туған ауданда қаржы бөлімінде бастадым. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша қызмет көрсеттім. Тіпті, аудандық мәдениет бөлімінде бас есепші де болдым. Қарапайым шаруалар отбасында өскен соң ба, кез келген жұмысты бөліп-жармай жасай беретінмін. Әкем көлік жүргізуші, анам медбике еді. Жалғыз әпкем менен бұрын бизнеске аяқ басты. Қазір де тапсырыспен тәтті тағамдар пісіреді, - дейді ол.
Бірақ, бір күні оған тегін тігін курсынан өту бақыты бұйырыпты. Ал, бұл – оның балалық арманы екен. Сөйтіп, күнделікті жұмыспен жағаласа жүріп үш айда тігудің барлық қыр-сырын үйреніп алған.
«Қиындықтарға қасқайып қарсы тұрдым. Кедергісіз келешек жоқ, оның бәрі уақыттың еншісіндегі дүние. Бүгін бар, ертең жоқ. Тарқамайтын түйін, шешілмейтін шаруа жоқ. Алдан қандай күн тумасын, тек алға ғана ұмтылу керек. Сонда ғана ісіңіз ілгерілейді, кәсібіңіз кеңейді. Кешегі күнмен өмір сүрмеңіз. Өзім секілді жастарға осындай кеңес берер едім» дейді ол.
Осылайша, мемлекеттік қызметпен қош айтысады. Өзінің өмірге келгендегі мақсаты мен мұраты – тігіншілік кәсіп екенін бар жан-тәнімен түйсінеді.
505 мың теңгеден басталған бизнес
Расымен де, ол әр киімді, әр бұйымды ынты-ықыласымен беріліп жасайды. Бұған біз де куә болдық. Киім-кешек, қыз жасауы, бесік бұйымдары, құрақ көрпе мен төсек-жабдық, жапқыш, орамал, сөмке, қоржын, қуыршақ, кәдесый, қобдиша, конверт, қойындәптер, сәндік құралдар, тіпті, көлік көрпешесіне дейін – бәрі де қазақы оюлармен өрнектелген. Тігінші тігіп шыққан әр туындысын әлеуметтік желідегі «инстаграмм» парақшасына жүктеп отырады. Бұл үшін арнайы қымбат жарнаманың да қажеті жоқ. Көркімен көпті қызықтырған заттар шынайы шеберлікпен жасалғаны көрініп-ақ тұр. Мұны сол желіде қалдырылған оң пікірлерден айқын аңғаруға болады.
Айтпақшы, Арайлымның аяққа тұрып кетуіне көмек берген мемлекеттік бағдарламалар да жоқ емес. Солардың бірі – «Бизнес-Бастау». Қазақстан Республикасының «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бар. Соның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Мұндай мемлекеттік қолдау аясында бизнес бастағысы келетіндер бір ай тегін кәсіпкерлік курсынан өтеді. Осы мүмккіндікті мүлт жібермеген кейіпкеріміз оқып қана қоймай, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алғанын айтады.
– Мемлекет қаржысына тігін мен градуировка машинасын, яғни, арнайы өлшем құралын, үтік пен жиһаз сатып алдым. Бағдарлама талабы бойынша, алған мүліктің құнын растайтын қажетті құжаттардың барлығын тиісті орындарға тапсырдым. Енді, міне, жеке жұмыс бөлмемде сүйікті ісім – тігіншілікпен айналысып отырмын. Тауарларыма сұраныс өте үлкен. Мұны күн сайын келіп түсіп жатқан тапсырыстардан көруге болады. Мен қандай бұйым болмасын тегіннен-тегін тіге салмаймын. Оған өзімнің бар бай қиялымды қосамын. Әсіресе, қазақтың ұлттық ою-өрнегінің мол ассортиментін қолданамын. Олар біріне бірі ұқсамайды ғой, сондықтан, тігілген заттар да әртүрлі болып шығады, - дейді ол.
Шеберлік – шығармашылық пен шыдамдылықтан туады
Бірақ, бұл ретте, күн-түн демей көз майысын тауысып атқаратын бейнеттің оңай емес екені белгілі. Бір жерде тапжылмай отырып жұмыс жасау керек. Бұған көп адам көндіге бермейді. Сондықтан, орта жолдан қайтып кететіндер жетерлік. Ал, Арайлым болса, өзінің еңбекқорлығымен, еңбексүйгіштімен елдің қамы үшін еңбек етіп жүр десек артық айтқандығымыз болмас. Бүгінде ол сөреде тұрған көйлекті кім тіккенін жазбай танитындай жағдайға жетті. Қайталанбас қолтаңбасы қалыптасып, кәсібі кеңейді. Демек, бизнес бастап, жетістікке жетемін деген жанға мүмкіндік мол деген сөз. Тек күні бойы тыным таппай, тіпті, түн ұйқысын төрт бөліп еңбек етіңіз.
Бизнес-вуменнің тағы бір қолға алған бастамасы, бұл – өзі секілді тігіншілікке жаны құмар жандарға шеберлік сағаттарын ұйымдастыру. Оның ойынша, адам өзінің қарапайым киім-киісі арқылы айналаға біраз нәрсені ұқтыра алады. Яғни, әр көйлек «сөйлеп» тұруы керек. Егер шебер осындай жағдайға жетсе, онда, нағыз шеберліктің шыңына жеткені. Киімнің шынайы бағасы тек сапалы материалға ғана емес, оның тігілу әдісіне де байланысты болуы керек. Ол осыны жас тігіншілерге үйреткісі келеді. Ендеше, шабытың шалқысын, шебер!