ҚР Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова бұл құбылысты былай сипаттады:
«Әйелдер екі күштің ортасында қалды: бір жағынан – экономика олардың еңбегін қажет етеді, екінші жағынан – отбасы толық берілуді, яғни ақысыз үй жұмысын талап етеді», – дейді ол.
Осыған орай КИСИ (ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты) қазақстандықтар арасында «Әйелдің жұмыс істеуі – балаларына кері әсер етеді» деген пікірге қаншалықты келісетінін анықтау мақсатында сауалнама жүргізді. Зерттеу арқылы қоғамдағы патриархалды және заманауи көзқарастар деңгейі сараланды.

Нәтижесінде, респонденттердің 37,9%-ы жұмыс істейтін ананың балаларына зиян тигізеді деп есептесе, 59,4%-ы бұл пікірмен келіспеген. Аймақ пен жыныс бойынша айырмашылық шамалы, ал жас пен білім деңгейіне қарай көзқарас едәуір өзгеше.
Патриархалдық көзқарас – ер адамның басымдығын мойындап, әйел рөлін шектеу болса, заманауи ұстаным – тең мүмкіндік пен рөлдердің икемділігін білдіреді.