Еңбекпен есейген ер

Қарапайым еңбек иелері қандай құрметке де лайық.

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Еліміздің өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып жүрген бұл той тойлап жүрген әншілер немесе желіні шулатып жатқан блогерлер, болмаса, бағаны аспандатып қоятын алыпсатарлар емес, бұл – қарапайым жұмысшылар, – деп хабарлайды newsroom.kz

Себебі, күнделікті тұрып жатқан үйіміз бен жүріп жатқан жолымызды, алтын ұя мектебіміз бен еңбек ететін кеңсемізді салатын – солар. Егін егіп, мал өсіріп, азық-түлікпен асырап отырғандар да – осы кісілер. Жеті қабат жер астынан «қара алтын» қалқып жатқандар да – қарапайым еңбек иелері. Ендеше, оларға деген елдің құрметі де ерекше болуы керек. Осыны ұлағат ұғар ұрпаққа ұғынықты тілде айтып отырған жөн-ақ.

Міне, сондай еңбек ерлерінің бірі деп «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамы мекемесінде жемісті жұмыс жасап келе жатқан Марат Мырзахметовті айтуға әбден болады. Өйткені, оның қызығы мен қиындығы қатар өрбіген өнегелі еңбек жолы – көпке үлгі. 

Ол 1963 жылдың 21 қаңтарында Алматы қаласына қарасты Бостандық ауданында дүниеге келген. 1970 жылы алғаш №63 мектептің табалдырығын аттап, он жылдық білім алған. Ал, 1981-1983 жылдар аралығында әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келді.

Ақыры 1984 жылы аталған аудандағы кәсіптік-техникалық училищеде кәсіби білім алады. Сөйтіп, 1985 жылы «ЮжКазЭлектроСтрой» мекемесінде электрмонтаждаушы болып алғашқы еңбек жолын бастайды.

Осылай жүргенде 1991 жылы еліміз ес жиып, етек жинап егемендік алады. Тәуелсіздіктің алғашқы ақ таңы да арайлап атады. Бұл кезде Марат Қабылұлы да асқар асудан асып, биік белеске бет бұрады.  

Осылайша, 1993 жылы «Алатау Жарық Компаниясы» мекемесіне жұмыс ауыстырады. Әрине, әбден орнығып алған ортаңды бір сәтте өзгерте салу оңай шаруа емес екені белгілі. Оның үстіне, жаңа жұмыстың жүктейтін жауапкершілік жүгі де ауыр. Әрі, бөгде ұжымға бой үретіп алу үшін де белгілі бір уақыт керек.

Бірақ, Марат Мырзахметов секілді өз ісін бес саусағындай білетін, күнмен санаспай, түнмен таласпай еңбек ететін, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүріп дағдыланып кеткен жан үшін бұл – түк те қиын емес. Себебі, еңбектің қара қазанында қайнап,  шымыр болаттай шыңдалған шебер қарсы алдынан шыққан қандай қиындықты да қасқайып қарсы алады. Оның теңдессіз тәжірибесі мен қарымды қабілетіне білікті басшылардың да қызығушылық танытуы тегін емес.

Марат Қабылұлы қызметте қандай жетістікке жетсе, отбасында да қос қыз бен қос ұлдың қамқор әкесі. Ендеше, біз одан «бақыттың кілті неде?» деп сұрадық...

– Еңбек майданында еш кідірместен тырмысып-тырысумен келе жатырмын. Егер менің кешегі арман-мақсаттарым бүгін орындалып жатса, соның бәрі де қарапайым еңбекті арқасы. Басқалардан бір сағат артық жұмыс жасап, кем көз ілсем, бұл да болса елімнің ертеңіне қосқан үлесім деп білемін.

Қазіргі жастарға айтар ақылым, олар еңбектің әрбір сатысынан өтсе екен деймін. Ешкім біліп тумайды және бәрі бірден жақсы болып кетпейді. Жоғары жетістікке жету үшін алдымен төменде не болып жатқанын білу керек. Қарапайым халық қалай күн көріп жатқанын көру керек. Бұл үшін сол халықпен бірге оянып, бірге тұру қажет. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда ешкімнің маңдайы шылқып жүрген жоқ. Барлығы бірден байып кеткісі келеді. Бірақ жерде жатқан байлық жоқ. Табыс тегін келмейді. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деп бекер айтпайды. Жұмыстың үлкен-кішісі болмайды. Екі қолға бір күрек табылады. Тек ерінбей еңбек етсең болғаны, - деп жауап қайырды биыл 60 жасқа толып жатқан мерейгер.

Олай болса, осынау ерен еңбек иесіне біз де амандық пен денсаулық, жақсылық пен сәттілік тіледік. Ғибратты ғұмыр мен еселі еңбек жолын артынан аяңдап келе жатқан ұл-қыздары жалғасын!

Жүктелуде...