Ал, халық айтса, қалт айтпайды. Ел басына қандай күн туса да, қарапайым еңбек адамына деген сұраныс жоғарыламаса, төмендемейді. Мұны төреші уақыттың өзі көрсетіп отыр. Ендеше, еңбекпен есейген сондай жандардың бірі – «Алматы су» коммуналдық кәсіпорнының қызметкері Мақсым ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, – деп хабарлайды newsroom.kz
Ол аталған мекемеде көлік жүргізуші болып еңбек етеді. 1971 жылы оңтүстік астанада дүниеге келген. Еңбек жолын 2001 жылы «Тұрмыстық қызмет» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Содан бері осында жиырма жыл бойы табан аудармастан жұмыс жасаған.
Ердің басына не күн тумайды десеңізші, аталған мекеме қызметін тоқтатып, жұмысшылар бірінен соң бірі қысқартуға ұшырапты. Сол кезде Мақсым Ғапуұлы да қызметінен босатылған екен. Бірақ, қандай қиындықпен бетпе-бет келсе де, оңай шағыла қояр жаңғақ ол емес. Ақыры, 2021 жылы осы кәсіпорында жүргізушілік қызметке ауысып, бүгінгі дейін жемісті еңбек етіп келеді.
Әріптестері оның өз ісіне өте мығым және адал екенін алға тартады.
«Мәкең басшылықтан берілетін тапсырмаларды тиянақты орындайды. Өз жұмысын жан-тәнімен беріліп жасайды. Алға қойған мақсатына жетпей қоймайды. Ол әр іске асқан жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарайды. Сонысымен де ұжымдастарының алдында зор құрмет пен беделге ие болды. Тіпті, оның әр айтқан сөзінің өзі салмақты шығады. Мінезі де сондай байсалды. Ешқашан аптығып-асығып шешім қабылдамайды. Не де болса «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» дағдыланған. Біз оның осы қасиетіне қатты қызығамыз» дейді олар.
Расымен де, Мақсым Құрманғалиевтің еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы көпке үлгі. Әсіресе, өзінен кейін ізін басып келе жатқан жастар үшін айтар ақылы бар азамат. Есесіне, еткен еңбегі еш кетпей, кәсіпорын мен қала басшылығы тарапынан талай марапат пен құрметке де ие болып жүр.
«Адам баласы күні-түні еңбек етуі керек. Білім де, білік те осы еңбектің арқасында келеді. Ең бастысы, жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп бір орында тұралап қалмау керек. Себебі, жеттім деген жығылады, толдым деген төгіледі деген сөз бар. Ол түгіл қара судың өзі бір орында тұрса, лайланып, иістеніп кетеді. Сол секілді адам да өзінің жан дүниесін жаңартып тұруы қажет. Ол үшін көп оқып, көп еңбектену керек. Кейбіреулер «менің қолымнан тек осы іс қана келеді» деп өз мүмкіндіктерін шектеп жатады. Бұлай жасауға болмайды.
Тағы бір айтарым, «үкімет маған неге бермейді?» деп мемлекетке орынсыз алақан жая берген де жөн емес. Мемлекет маған не береді деп емес, мен оған не бере аламын деп өмір сүру керек деп ойлаймын. Егер шын мұқтаж болсаң, әңгіме басқа. Ал, он екі мүшең сау, еңбек етуге қабілетті болсаң, онда қара жұмысты да жасау керек. Әйтпесе, мемлекет көмегіне шынай зәру жандар көлеңкеде қалып қоюы мүмкін.
Қалай десек те, тер төгіп тапқан нанның буы бұрқырап, дәмі тіл үйреді ғой. Сондықтан жылы орында бастық болғысы келетін кей жастарға айтарым, еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған артық етпейді. Сонда білім де, білік те, тәжірибе де, басқасы да болады. Бастысы, ел ертеңі үшін аянбай еңбек еткен жан далада қалмайды» дейді М.Ғапуұлының өзі.
Олай болса, әңгімемізге арқау болған кейіпкерімізге асқар асулар мен биік белестерді бағындырсын, абыройы асқақтап, беделі биіктесін, мәртебесі асып, мерейі тасысын деп тіледік!