Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырауына төтеп берген жігерлі жандардың бірі. Ол күндіз бала оқытты, түнде нан пісірді. мектепте білім де берді. Сөйтіп, жоқтан бар жасады. Бүгінде бұрынғыдай тыным таппай тер төгіп, еңбек етіп жүр. «Жасыңыз жетті ғой, дамыл тауып, демалмайсыз ба?» дегендерге жауабы да дайын. Бір ауыз сөзбен: «Мемлекетке масыл болғым келмейді» дейді ол, деп хабарлайды newsroom.kz
Иә, ардақты ана, ақжаулықты әже, ұлағатты ұстаз, әрі жеке кәсіпкер Қолаңшаш Қайырғалиқызының өмірлік ұстанымы осындай. Ендеше, біз де одан сәттілік сыры неде және табыс кілті қайда екенін сұрастырып көрдік.
«Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Міне, Қолаңшаш апамыз да бұл сөздерді әрбір жас өзінің қойын кітапшасына түртіп алу керек деп есептейді. Себебі, Президенттің өзі «ЕҢБЕК» деген ұлы ұғымның ұлағатын жақсы түсінеді. Өйткені, өзі де осы еңбек баспалдағынан өткен жан. Ал, оған қарсы антоним болатын «МАСЫЛДЫҚ» ұғымын мүлде санадан сызып тастау қажет деп санайды.
Бизнес қалай басталды?
Соңғы жылдары елімізде ауыл-аймақты дамытуға айрықша ден қойылып, ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір дәлелі – кәсіп иелеріне мемлекеттен ұсынылатын қайтарымды-қайтарымсыз гранттар. Мұның жаңадан бизнес ашқысы келетін ауыл тұрғындарына тигізер пайдасы көл-көсір.
– Жалпы, менің өмірдегі басты ұстанымдарының бірі – біреуге пайдалы іс қылу адамзаттың басты міндетіне айналуы тиіс. Мен Мақат кентіне келін болып түскеніме ширек ғасырға жуық уақыт өткен екен. Әрине, бұл аз емес. О баста институттағы оқуымды тәмамдап, қолыма диплом алған соң, бірден мамандығым бойынша мектепке жұмысқа орналастым. Сөйтіп, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Бұл қызметімді әлі де жалғастырып келемін.
Бірақ, сол кезде жас болсақ та, бір ғана жұмысқа байланып қалмай, қосымша табыс табуды да ойлап жүрдім. Әсіресе, бұл ой бала күтімімен отырған кезде көбірек мазалады. Өзім нан пісіргенді қатты ұнатушы едім. Содан үйде осы кәсіпті қолға алдым. Бұл уақытта наубайхана деген атымен жоқ. Сондықтан да шығар, менің нандарым тез сатылып кетіп жүрді. Ақыры, отбасыммен ақылдаса келе үй жанынан наубайхана ашуды жөн көрдік. Осылайша, үлкендердің батасын алып, үлкен іске кірісіп кеттік, - деп еске алады кейіпкеріміз.
«Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді» деген еді Мемлекет басшысы былтырғы халыққа Жолдауында.
Олай болса, ойлағаны орнымен орындалып жатыр. Тек осы игі үрдісті үзіп алмау керек.
«Қол қимылдаса, ауыз жыбырлайды»
Иә, Қолаңшаш ханым қол қусырып қарап отырғаннан гөрі, бизнес бастап, пайда тапқанды жөн көрген екен. Есесіне, сол еңбек еш кетпей, бүгінде отбасылық бюджеттің бүйірін толтырып отырған жайы бар. Ол отағасы Мұрат Толыбай екеуі қос ұл мен бір қыз өсіріп, солардан бірнеше немере сүйіп отырғанына дән риза.
«Мен тұрмыс құрған шақта сол кездегі пединститутта сырттай оқудың небәрі бірінші курсында оқып жатқан едім. Екі жылдан соң сабақ беруге шығып кеттім. Еңбек жолымның алғашқы жылында-ақ бағым жанып «Жыл мұғалімі» атанғаным бар! Осының бәрі еңбектің арқасы ғой. Егер ерте жастан еңбек етпесем, бүгін ұлағатты ұстаз атанар ма едім, бүтін бір ауданды ыстық нанмен қамтып отырар ма едім деп те ойлап қоямын кейде. Бұл да болса самайдан сорғалап аққан ащы тердің тәтті жемісі болар. Себебі, әлі есімде, жас кезде түні бойы нан пісіріп, көз ілместен таң ата мектепке кетуші едім. Сол жанкешті еңбек текке кеткен жоқ. Бүгін сол беймаза бейнеттің берекесін көріп жатырмын» дейді ол.
Расымен де, сол кезде ауыл тұрғындары бір-бірінен «Қолаңшаштың наны неге тәтті?» деп сұрайды екен. Себебі, бір қарағанда, нанға ұн мен тұздан басқа артық ештеңе салынбайды ғой. Сірә, бұл оның тынымсыз тірлігі мен адал еңбегінің нәтижесі болар. Өйткені, ол нанды пісіріп қана қоймай, оны сол бойда әрбір үй мен балабақшаға аяқтай өзі апарып жүрді емес пе?! Оның үстіне, ол кезде қазіргідей жеке көлігі де болмады. Міне, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз осындайдан айтылса керек.
«Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы» деді Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында.
Бұл сөздер де біздің кейіпкерімізге қарата айтылғандай ма дерсіз. Себебі, Қолаңшаш Қайырғалиқызы – Абайша айтсақ, нағыз «толық адам» мен «адал азаматтың» нақ өзі!
«Еңбектің наны тәтті»
Сірә, бұл мақал тура мағынасында осы кейіпкерімізге арнап айтылғандай! Осы орайда, біз одан нан пісірудің машақатын сұрап білген едік...
– Сырт көзге нан пісіргеннен оңай кәсіп жоқ секілді болып көрінуі мүмкін. Алайда, әр жұмыстың өз қиындығы болатыны белгілі. Ендеше, нанға да бап керек. Елу келілік бір қап ұннан шамамен жүз шақты нан пісіріп шығаруға болады. Бір нанға орташа есеппен 600 граммдай ұн жұмсалады. Қазіргі дамыған заманда электронды пештің құдіретіне жүгінеміз ғой. Ақылды техника барлығын өзі есептеп, өзі реттейді. Осылайша, нанымыз қырық минуттың ішінде пісіп шыға келеді. Айтпақшы, бір айрықша атап өтер жайт, мен өзім отандық өнімді қолдайтындықтан, нан құрамындағы ұн мен тұзды да өзімізден алуға тырысамын, - дейді Қ.Қайырғалиқызы.
Иә, біз тек дүкен сөрелерінде дайын тұрған нан өнімдерін ғана білеміз. Ал, оның қандай қиындықпен жасалатыны тек наубайшыға ғана аян. Солардың бірі Анар Дүйсекеева бұл жұмыстың қыры-сырын бізбен бөліскен болатын.
«Мен Қолаңшаш Қайырғалиқызының қарамағында жұмыс жасап жатқаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Оны осы ұжымда еңбек ететін барлық жұмысшылар өзіне үлгі тұтады. Одан үйренеріміз өте көп. Тіпті, кейде аяқ астынан шаруамыз шығып қалып жатса, ол үлкендігіне қарамастан орнымызды ойсыратпай нан пісіріп жатады. Осының өзінен оның қаншалықты еңбекқор жан екенін көруге болады. Соның бәріне күнделікті куә болып жүрген біз де сол кісіге қарап бой түзейміз, соған ұқсап баққымыз келеді.
Енді нан пісіру жайына келетін болсақ, бұл жұмыс үлкен шапшаңдықты талап етеді. Әсіресе, нан пісіп болған кезде тез-тез пештен шығарып алу керек болады. Әйтпесе, күйіп кетуі мүмкін. Қалай болғанда да, пеш автоматты түрде өшкенімен, оның ыссылығы тез арада басыла қоймайды ғой» дейді ол.
«Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек» деді Президент халыққа Жолдауында.
Ендеше, маңызды межеге жету үшін кешегіден де көбірек жұмыстануға тура келеді. Мұны бүгінгі кейіпкеріміз де жақсы біледі.
Күндіз – ұстаз, түнде – наубайханашы
Міне, Қолаңшаш ханым шағын кәсіпті қалай сәтті жүргізіп жаста, ұстаздық қызметін де дәл сондай қарқынмен атқарып келеді. Бүгінде ол жиырма жылдан астам уақыттан бері Мақат кентіндегі Хамза Санбаев атындағы көпсалалы мектепте абыройлы әрі жемісті еңбек етіп келеді. Жай ғана оқушыларға білім беріп қана қоймай, педагог-зерттеуші санатында жас мамандарға бағыт-бағдар да көрсетіп отыр. Онымен қоймай, бір емес, екі ауысымда жұмыс жасайды. Сонда ол осының бәріне қалай үлгереді деген заңды сауал туындайды ғой...
– Адам баласы егер қаласа, асқақ арманды да, биік белесті де бағындыра алады. Тек денсаулық, уақыт және ниет болсын. Ал, қалғаны қиын емес. Оның үстіне, қазір не ішемін, не киемін деп бас қатырмайсыз. Ұлы ұстаз Ыбырай атамыз айтқандай, «тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, «мемлекет маған не береді» деп емес, «мен мемлекет үшін не істей аламын» деп ойлану керек. Сонда ғана алға жылжуға болады.
Қандайма бір кәсіптің көзін ашсаңыз, белгілі бір уақытта нәсібін көресіз. Бүгінгі жастар кейде бір күнде табысқа кенелгісі келіп жатады. Бұл – адасушылық дер едім. Себебі, «сабырлық түбі – сары алтын» демекші, табандылық пен төзімділік таныта білген жөн. Сіздің еңбегіңізді сізден ешкім тартып алмайды. Кез келген жұмыс өз жемісін береді. Кез келген еңбек ертелі-кеш міндетті түрде ақталады. Қызметке кіріскен кезде оның қайтарымын ойламау керек. Алдымен сол жұмысты соңына дейін адал атқарып шығу қажет. Содан кейін ғана нәтижесін күтуге болады. Бұл өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Өмірдің өз жоспары болады. Соған қарай сіз де өз жоспарыңызды құрасыз. Осылай өзара үйлесімде ғана әрекет етсеңіз, сөзсіз табысқа жетесіз, - деп түйіндеді сөзін қарапайым еңбек иесі.
«Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында.
Президенттің бұл айтқандарын Қолаңшаш Қайырғалиқызының тынымсыз тірлігі мен ерен еңбегінен анық аңғаруға болады.
ТҮЙІН
...Осымен кезекті еңбек адамы туралы әңгімеміз де тәмам. Біз алдағы уақытта да қарапайым жұмысшылардың жанкешті еңбегін жас ұрпаққа насихаттауды жалғастыра беретін боламыз.