Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Біріккен Ұлт жеңеді!» атты халықаралық байқаудың жеңімпаздары анықталды

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған бейнебайқаудың жеңімпаздары анықталды

«Біріккен Ұлт жеңеді!» атты халықаралық байқаудың жеңімпаздары анықталды
Фото: Аида Аманқызы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты IV халықаралық бейне-материалдар байқауының жеңімпаздары анықталды,- деп жазады newsroom.kz.

Дәстүрге айналған байқау биыл Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналды.

2020 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Халықаралық байқау идеясының авторы және жетекшісі – белгілі тележурналист, ғалым әрі профессор Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекова.

Халықаралық байқау қазақ ғылымына орасан зор үлес қосқан академик Қаныш Сәтбаевтың еңбегін насихаттауға арналды.

Байқаудың шарты бойынша қатысушылар Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаған академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми, қоғамдық қызметіне арналған арнайы видеороликтерін ұсынады.

Қатарынан сегізінші рет өткізіліп отырған халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі онлайн және оффлайн форматтарда өтті. 

Ауқымы кең байқауға отандық 8 университеттен және Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Германия мен Біріккен Араб Әмірлігі, Испания сияқты 11 елдің студенттері мен магистранттарынан, докторанттарынан 100-ге жуық жұмыстар келіп түскен.

Байқаудың Гран-при жүлдесін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Әли Әлішер Сәулетұлы “Саумал ішіп сауыққан Сәтбаев” атты бейнесюжетімен жеңіп алды.

Бұдан бөлек, Үздік идея, Үздік режиссура бойынша, Үздік операторлық жұмыс, Үздік монтаж, Күлтегін, Абай, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Бейсен Құранбек,  атындағы номинациялар бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Студенттер асыға күтетін Халықаралық байқаудың ауқымы кеңейіп, маңызы еселеніп келе жатқанын Еуразия Ұлттық университетінің басшылары, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлы да сөз соңында айтып өтті.

“Біріккен ұлт жеңеді” атты IV халықаралық бейне-материалдар байқауының марапаттау рәсіміне белгілі тележурналистер, қоғам қайраткерлері, медиа мамандар қатысты.