Алматы ТЭЦ-2 аумағында пусконаладкалық жұмыстар кезінде қуаты 178,5 МВт болатын Siemens газ турбинасы сәтті іске қосылып, кейін Қазақстанның энергожүйесімен синхрондалды. Турбинаның роторы минутына 3000 айналымға дейін жетті, ал электр желісімен 50 Гц жиілікте қосылу да сәтті өтті.
«Самұрық-Энерго» АҚ мәліметінше, турбина 10 МВт электр қуатын берді. Бұл кезеңде жабдықтың барлық жүйелері жартылай және номиналды жүктеме кезінде тексеріліп, бапталды.
Мұндай сынақтар — жабдықты өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге дайындаудың маңызды бөлігі. Қазір алда кешенді сынақ өткізу кезеңі тұр, оның қорытындысы бойынша энергоблоктың пайдалануға толық дайын екені анықталады.
Сынақ барысында агрегаттың негізгі жүйелері, басқару және қауіпсіздік жүйелері тексерілді. Компанияның хабарлауынша, жабдықтың барлық көрсеткіші жобалық мәндер мен нормативтік талаптарға сай келеді.
«Газ турбинасының елдің энергожүйесіне алғашқы мегаватттарды беруі орнатылған жабдықтың сенімді екенін және жұмыстардың үйлесімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бұл кезең бізге толық жүктемедегі қорытынды сынақтарға көшуге мүмкіндік береді», — деді «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Ансар Айдаров.
Компания бұл жоба оңтүстік өңірді электрмен қамтудың сенімділігін арттырып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Алдағы уақытта пусконаладкалық жұмыстардың келесі кезеңі жалғасып, номиналды қуатта кешенді сынақтар жүргізіледі.