Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Уральск», «Усть-Каменогорск»: Айтуға ыңғайсыз атаулар қашан қолданыстан шығады?

Орыстың "-ск" жұрнағы қашан қолданыстан шығады?

«Уральск», «Усть-Каменогорск»: Айтуға ыңғайсыз атаулар қашан қолданыстан шығады?
Фото: livejournal.com

Кейінгі кезде солтүстіктегі көрші ел шовинистерінің қазақ еліне қатысты орынсыз айыптау-пікірлері біраз ойға жетелеп отыр. Жақында Канделаки деген ресейлік тілші Қазақстан орыс тілін мемлекеттік деңгейде «ығыстырып» жатқанын айта келе, теміржол стансаларының аттарын ауыстыру, атап айтқанда «Уральск»-ті «Орал» деп, «Узень»-ді «Жаңаөзен» деп өзгерту «қауіпті үрдіс» екенін айтып, өзінше пікір білдіріпті. 
       Бұған қатысты отандастарымыз әлеуметтік желілерде өздерінің орынды уәждерін айтуда, жауапты мекемелеріміз тиісті шара қолданып жатыр. Орыс тілшісінің әлгі айыптауы мынадай себептерге байланысты қисынсыз деп саналуда:      
     1. Бір мемлекеттегі атауды өзгерту – сол тәуелсіз елдің ішкі ісі. Әр ел өз аумағындағы нысанды қалай атау керектігін өзі шешеді. 
     2. Бұл атаулар қазақша. Қазақша атауды өзгертудің орыс тіліне еш қатысы жоқ.
     Әлгі тілші айтқандай, кейінгі тұста орыс тілі қолданыста өзінен өзі шетке ығысып жатқаны рас. Мұндай үдеріс тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жүріп жатыр. Бұған, саясаттану саласының көптеген мамандарының ойынша, ең алдымен Кремльдің көрші елдерге астамшылдықпен қарау, басқыншылық саясаты кінәлі. 

    Сарапшылардың пікірінше, «Орыс әлемінің» қаупі әлем елдерін Ресейден алшақтауға немесе белгілі бір қашықтық ұстауға мәжбүр етуде. Шетелдік саясаттанушылардың пайымынша, егер Мәскеу өзге мемлекеттермен байланысы кемімесін десе, орыс тілі мен мәдениетінің кең жайылуын шын мәнінде қалайтын болса, онда басқа елдің ішкі ісіне килігу пиғылын, қисынсыз себептермен көрші елдің жерін басып алу әрекетін, жалпы империялық тым өктем саясатын доғаруы керек. Канделакилар осыған күш салулары тиіс. 

     Отарлық кезеңде елімізде жергілікті халықтың ой-пікірімен санаспай өзгертілген атаулар тәуелсіздік алғалы бері қайта қалпына келтіріліп келеді. Бұл – тарихи әділеттілік.
     Дегенмен, өзгергені бар, өзгермегені бар, кейбір атауларды қолдану әлі де біршама ойлануды керек етеді. Мысалы, Орал қаласы әкімдігі сайтының ағылшынша бетінде «Akimat of the city Uralsk» түрінде жазылыпты. Қала атауы орысшадан транкрипцияланғаны анық. Мұны «Akimat of the city Oral» деп жазған абзал болар еді. Тіпті орысша атауының өзін «Акимат г. Орал» деп жазған қисынды. Себебі атау - «орал» деген қазақ сөзі. Ол бірнеше мағына береді: 1) оралу; 2) мүмкіндік, әл-қуат, күш; 3) сәтті кез, ыңғай және т.б. «Оралыңның барында ойна да күл» деген тәмсіл халық өлеңінде кездесетіні белгілі. 

   Жоғарыда айтылған мысалда сөз болғанындай, Өскемен, Петропавл қалаларының әкімдіктері сайттарының ағылшын бөлімдерінде де «Akimat of Ust-Kamenogorsk city», «Akimat of the city Petropavlovsk» деп жазылыпты. Бұларды да ағылшынша жоғарыда аталғандай тәсілмен жазған орынды болар еді. 
     Әйтпесе, «Uralsk», «Ust-Kamenogorsk» атауларындағы орыстың «-sk» жұрнағы айтуға тіптен ыңғайсыз. Былапыт сөз араласып тұрғандай көрінеді.
     Ілгеріде еліміздің басшы тұлғаларының бірі ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында елорданың бұрынғы атауына қатысты «Акмолинск» атауы қазақтар үшін қорлау сөзі болып естіледі деп айтып еді. «Ақмолаға» «-sk» жұрнағы қосылып айтылғанда, жұмсартып жеткізер болсақ, «молаңды ұрайын» дегендей жаман естілетіні рас. 

     Осы «-sk» дегеннен шығады. Ұлттық валютамыз - теңге жаңадан шығып жатқан кезде Алматыда Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық мектеп-интернатта оқушы едік. Сол кезде теңгенің айналысқа енуі, оның атауы отарлық санадан арыла қоймаған кейбір кісілерге біртүрлі ерсі көрінгені өтірік емес. Қазақ басылымдарының біріне әлдебіреу «теңге» сөзі орыстың «деньги» деген сөзінен шыққан деген мақала жазыпты. Мұны көрген математикадан сабақ беретін апайымыз: «Мынау оттаған екен, - деп төтесінен бір-ақ қайырды - Керісінше, орыстың «деньги» сөзі «теңге»-ден шыққан. Өйткені, бізде «тең» деген түбір бар. «Тең нәрсеге беру», «теңге беру», яғни «тауарға, затқа тең балама болатын ақша-сомаға беру» дегенді білдіреді». 

     Математик апайымыз аса адуынды, қызу қанды жан еді марқұм. Бір қызып алса, көкейіндегісін толық ақтарып бітпей, тоқтай қоймайтын. О кісі сөзін одан әрі былайша жалғады: «Осы түбір дегеннен шығады. Ұлы сөзде ұят жоқ деген, қазір халықаралық терминге айналған «sex» сөзі де қазақ-түркі тілінен шыққан. Себебі, бізде түбір бар ғой. Мысал үшін, мына сөздердің түбірлеріне назар аударыңыздаршы: ұр – ұрыс, соқ – соғыс, кір – кіріс, ек - егіс, тік - тігіс... Дәл осылайша «sex» сөзінің де түбірін өз тілімізден табуға болады». 

  Апайымыздың қисынды уәжі оқушы балаларды біраз ойға жетеледі. Иландырды. 
     Бұл түбір сөз бен орыстың әлгі «-sk» жұрнағының дыбысталуы ұқсас келеді. Солтүстік, шығыс өңірлерімізде осы жұрнаққа бітетін атаулар жетіп артылады екен. Жергілікті әкімдіктер өздерінің ресми сайттарының басты беттерінің ағылшыншасында бұл атауларды тура орысшадағыдай етіп «-sk» жұрнағын қосып жазып қойған. Осыларға қарап шет мемлекеттердің елшіліктері, консулдықтары, өзге де мекемелері ресми бланкілерінде, ноталарында қазақ қалаларының аттарын ағылшынша да «-sk» жұрнағымен бірге жазып жүр. Оларға бұлай жазба деп айту үшін алдымен өзімізді түзеу керек болып отыр. 

     Түріктер, өзге де түркі тектес ағайын халықтардың орысша білмейтін өкілдері (олар көп әрі бұл тілді білуге міндетті де емес) осы атаулардағы «-sk»-тің орыс жұрнағы екенін білмей қалуы да мүмкін. 
     Сөздің орайы келгенде айтайық, «Солтүстік Кипр Түрік Республикасы» деген ел атауын қысқартып «СКТР» деп жазып жүргендер бар. Айтуға, оқуға ыңғайсыз. Мұны СолКТР деп алған орынды болар еді. Кейбір сөздің алғашқы буынын қысқарған сөздер ішінде қолдану тәжірибесі көптеген тілде кездеседі. 

     Сондықтан мұндай атауларды ресми сайттарымызда, күнделікті өмірде қазақша, ағылшынша да орыстың «-sk» жұрнағынсыз қолданған дұрыс, ең дұрысы, осыларды тарихи атаулармен ауыстырған жөн. 
     Жалпы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы тарапынан әлгіндей атауларды қазақшада «-sk» жұрнағынсыз қолдану қажет, ал ағылшынша жазғанда олардың қазақша нұсқалары негізге алынуы тиіс деген шешім шығарса бек жақсы болар еді.

                Бұдабай ӘБДІӘЛІ