Астанада Қазақстан мен Финляндия президенттерінің келіссөздері өтті. Бұл Александр Стуббтың Финляндия Президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен ресми қарсы алу рәсімінен кейін келіссөздерді делегациялар қатысуымен жалғастырды.
Президент Тоқаев Финляндияны Солтүстік Еуропа мен ЕО-дағы Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. 2005 жылдан бері Финляндия Қазақстан экономикасына шамамен жарты миллиард доллар инвестиция салған. Оның айтуынша, Финляндияның таза энергетика, цифрлық технологиялар, экологиялық жауапкершілік және сапалы білім саласындағы жоғары стандарттары әлемге үлгі.
«Сіздің сапарыңыз ерекше маңызға ие. Бұл маңызды әрі серпінді оқиға екіжақты қарым-қатынасқа жаңа тыныс береді. Бізде шешілмеген мәселе жоқ, дегенмен сауда және инвестиция саласындағы әлеует толық ашылған жоқ. Сіздің бастамаңызбен ұйымдастырылған бизнес-форум кәсіпкерлерімізді ынтымақты күшейтуге жетелейді деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан фин компанияларының қатысуымен бірлескен жобаларды қолдауға дайын. Тоқаев фин бизнесін Орталық Азия нарығына шығуға шақырды.
Финляндия президенті Астанаға 20-дан астам ірі компания өкілдерімен бірге келді. Александр Стубб Қазақстан экономикасының дамуын жоғары бағалады.
«Астана көшелерінде ISKU және Honkarakenne сияқты таныс фин брендтерін көргенім қуантты. Біз екі бағытқа ерекше назар аударамыз: бизнес ынтымақтастықты кеңейту және сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелері», деді ол.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді де талқылады. Тоқаев фин халқының мәдениетіне және туризмдегі ынтымаққа қатысты жылы пікір білдіріп, сапар серіктестікті жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.