Токио Олимпиадасынан кейін елге оралған боксшыға сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев салтанатты түрде екі бөлмелі пәтер берген. Алайда Олимпиада жүлдегеріне заңмен бекітілген баспана жеке атына емес, тек жалдау құқығымен беріліпті. Спортшыға 2021 жылдан бері мұны өз атына рәсімдей алмай жүр, - деп хабарлайды newsroom.kz сайты 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов сұхбатында айтты.
"Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионатынан кейін маған Түркістаннан екі бөлмелі пәтер берді. Алайда ол жалдау құқығымен рәсімделді. Ал бұл келісім 2022 жылдың соңында аяқталды. Жалпы әлем чемпионы болған өзге өңірдің спортшыларына үш бөлмелі пәтер беріліп жатқанда, жалдамалы пәтерде жүргенім жаныма батады. Облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев қызметінен кетті. Қазіргі әкіммен бұл мәселе туралы сөйлескен жоқпын. Дегенмен облыстық спорт басқармасы әлі уәде берумен келеді. Бапкерім Мырзағали Айтжанов бұл жағдайдан хабардар, бірақ ол кісіні бұл жайтқа кірістірімедім. Таяуда спорт қорының басшысы Азамат Қаршығаевқа бұл жағдайды айттым. Олар хат жазып, мәселені шешімін табуға көмектесеміз деп отыр. Ал, қазір келіп менен пәтерді босат десе, мен ештеңе істей алмаймын. Себебі, берілген үйді мен атыма рәсімдей алмаймын", - деді әлем чемпионы.