Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақтың мұңы мен жыры! Әуе компаниялары қазақшаны неге төртінші қояды?

Танымал журналист әлеуметтік желіде жазба жариялады

Қазақтың мұңы мен жыры! Әуе компаниялары қазақшаны неге төртінші қояды?
фото: stan.kz

Тіл мәселесі қазақтың мәңгілік маңдай соры деуге бола ма? Ана тіл - бар қазақтың жүрегі ғой. Терең ойласаң жүрегің ауырады…деген танымал журналист, әрі әнші Ертай Нүсіпжановтың әлеуметтік желідегі мына бір жазбасы бізге үлкен ой салды. Сондықтан, newsroom.kz порталы жазбаны қаз-қалпында беруді жөн көрдік. Осыған дейін де Қазақстанға ұшатын ұшақтардың қазақ тілін менсінбейтінін байқап жүр едік...

"Осыдан 13-14 жыл бұрын Қытайда оқып жүргенде билет құны арзандау болған соң ылғи China Southern Airlines әуе компаниясының Үрімші арқылы келетін рейстерін таңдайтынбыз. Себебі, #AirAstana билеттері екі есеге қымбат болатын. 
Қазір де өзгере қойған жоқ шығар, бірақ сол кезде Үрімшіден ауысып отыру кезінде, Қазақстанға ұшқалы тұрған рейс туралы ақпаратты диспетчердің цифрланған дауысы 4 тілде хабарлайтын: Алдымен қытайша, ағылшынша, ұйғырша, соңында орысша. Қазақстанға ұшқалы тұрған рейсте қазақша айтылмайтын.

Сыртқы істерді реттейтін министрлікке іштей өкепелегеннен басқа амалымыз жоқ, көздеріміз бақырайып қазақтар отыратынбыз. Сөйтіп елге қайтқандағы қуанышымыз су сепкендей басылып, еңсеміз түсіп елге оралатын едік…
Күні кеше (26.11) Air Astаna-ның Пекин-Алматы бағытындағы ұшағымен елге оралдым. Борт командирі ақпаратты алдымен орысша, сосын ағылшынша, соңында барып қазақша хабарлады. Қазақшасын басқалар түсінбесе, өз басым дым ұқпадым. Шатып-бұтып өтірік бұрқырата салды. Тағы да көңіл түсті…

Өткен жолы министр Аида Балаеваны белгілеп “Жібек жолы” телеарнасында жүріп жатқан “Төрлетіңіз” бағдарламасындағы тіл былығы туралы жаздым. Бұл туралы жаз айында да жазылған еді. Министрден бастап, осы хабарға жауапты телеарна басшылығы “Ит үреді, керуен көшеді” дегенге салды. Айттың не, айтпадың не…

Сол постты он мыңдаған адам оқып, бөлісіп, ашу-ызаларын білдірді. “Мен мұндай бағдарлама барын білмейді екенмін”, “Телеарна көрмеймін”, “Төрлетіңізді көрмейтінім қандай жақсы болған” деген көптеген пікірді оқыдым. Ұлт тағдырына қатысты мәселе “Сен тимесең, мен тиме” деп жүре беруді көтермейді. Сен көрмегенімен, ондай бардарламалар ауылдағы ағайыныңды бұзып жатыр.
Қазір қара халықты былай қойғанда, журналистердің өзінің еті өліп кеткен бе деймін? Тіл мәселесіне көбі немқұрайлы қарайды. Жаны ашып жатқанды байқамайсың. Қазір тіпті өздерінің әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында орысша-қазақшаны көпіртіп отырған қазақ тілді журналистерін көріп жаға ұстайсың. Біз кім боп барамыз өзі?

Қазір әркім өз отбасының қамымен кетті. Олар сыртта болып жатқан мәселе менің басымдағы шаруа емес деп ойлайды. Бірақ сол сырт, дала дегеніңіз өзіңіз өмір сүріп отырған - біздің қоғам. Отбасы, ошақ қасындағы проблемалар осы қоғам арқылы келіп жатқанын түсініңіз. Айналып келгенде, ұлттық, қоғамдық проблемалар - өзіміздің оған немқұрайлы қарап жүргенімізден. 
Айналалайын Air Astana компаниясы! Ұлт намысын таптап, тілге атүсті қарағанды қойыңдар. Бортта қызмет жасайтын мамандарыңа алдымен қазақ тілін дұрыстап үйретуге көңіл бөлу керек. Хабарламалар ең алдымен қазақ тілінде айтылуы міндет. Бұл - Қазақстан. Қазақ елі. Тілді қадағалайтын мемлекеттік органдар не қарайды сонда?

Қорыта айтсам, ана тілі ақсап тұрғанда біз ешқашан бақытты ұлт бола алмаймыз. “Жаман айтпай - жақсы жоқ” деген. Қазір алшаң басып жүргеніңмен, ұрпағың зарлайтын күн, абай болмасаң, көз ұшында.",- деп жазды Ертай Нүсіпжанов.