Бірінші сыныпқа қабылдау үшін өтініш қабылдау 2025 жылғы 1 сәуірде басталған.
«Өтініштер жұмыс күндері, демалыс және мереке күндерінен басқа уақытта, 31 тамызға дейін қабылданады», – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл мемлекеттік қызметті eGov.kz электронды үкімет порталы немесе eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ қағаз түрінде тікелей мектепке барып алуға болады.
Қазақстан азаматтары үшін құжаттар тізімі:
- Ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші;
- №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у бала денсаулығы паспорты;
- 3х4 см көлеміндегі 2 дана фото.
Шетел азаматтары үшін:
Ата-анасы немесе заңды өкілдері Қазақстанда уақытша не тұрақты тұруы тиіс. Сондай-ақ, тұрақты тұруға құқық беретін құжат пен тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы белгісін мектепке өткізуі қажет.