Түркия Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Әзербайжаннан ұшып шыққан C-130 әскери-транспорттық ұшағы Грузия аумағында апатқа ұшыраған.
Бортта 20 түрік әскери қызметкері, оның ішінде экипаж мүшелері болған.
Қазір апат орнында Түркия мен Грузия билігі бірлескен іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіп жатыр.
Грузия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұшақ Әзербайжан шекарасынан шамамен бес шақырым жердеқұлаған. Ресми ақпаратқа сай, ұшақ апат алдында дабыл белгісін жібермеген, ал радарлардан ел әуе кеңістігіне енгеннен бірнеше минут өткен соң жоғалып кеткен.
Оқиға туралы хабар алған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада сөйлеп тұрған сөзін үзіп, қаза болғандарды еске алды. Ол әскери қызметкерлерді “біздің шаһидтеріміз” деп атады. Бұл атау Түркияда әдетте ел үшін қаза тапқан жауынгерлерге қатысты қолданылады.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те көңіл айтып, ұшақ Гянджа қаласынан ұшқанын растады.
Түркия Ішкі істер министрі Али Ерликая өз әріптесі — Грузия ІІМ басшысы Гела Геладземен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайды талқылағанын мәлімдеді. Грузин министрі де апат орнына жол тартқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Апат болған Сигнахи муниципалитеті — Грузияның оңтүстік-шығысында, Алазан аңғары мен Әзербайжан шекарасының арасындағы тарихи қала-аймақ.