Инвестициялық жобаның құны 17 млрд. теңгені құрайды. Жаңа зауытта 700-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды newsroom.kz.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өзбекстандық «Orient pro» компаниясының құрылтайшысы Улугбек Расуловпен кездесті. Кездесу барысында тараптар жобаны жан-жақты талқылап, ұсыныстарын жеткізді.Аталған компания Түркістанға ауқымды инвестициясын салып, бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Атап айтсақ, өңірде керамикалық өнімдер мен шыны шығаратын зауыт ашуға ниетті. Өндіріске қажетті шикізат жергілікті жерден алынады. Зауыт замануи технологиямен жабдықталады. Өндіріс шығынсыз, әрі экологиялық таза. Халықаралық сапа стандарттарына сай өнім шығарады.Жаңа зауыт Түркістан өңіріндегі құрылыс алаңдарында қолданылатын отандық өнімдердің үлесін арттырмақ. Облыс әкімі инвестициялық жобаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізіп, компанияның нақты жобаларды жүзеге асыратынына сенім білдірді.
– Бұл жобалар өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасалады. Жобаларды іске асыруға арналған инфрақұрылым бойынша сұраныстарыңызды толық орындаймыз. Арнайы экономикалық аймақтан жер, инфрақұрылым ұсынамыз. Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының Түркістан облысының дамуында ерекше маңызы бар екенін атап өткім келеді. Түркістан – қасиетті шаһар. Қасиетті қалада айтылған уәделер, сөздер орындалуы керек. Әріптестігіміз нығайып, жобалар жүзеге асады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.
Жобаны іске асыруға Түркістан облысының арнайы экономикалық аймағынан жер бөлу жоспарлануда. Түркістан өңірінде индустриалды аймақтардардың аумағы кеңейтілген. Сонымен қатар инвестициялар тартудың қолайлы экожүйесін құру жүзеге асуда. Инвесторларға индустриалдық аймақтар мен «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аумақтарында «Greenfield» және «Brownfield» өнеркәсіптік алаңдары ұсынылады.
Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту өз кезегінде негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсіміне ықпал еткен. 5 жылда оның көлемі 3 есеге артып, жалпы 3 трлн теңгедей инвестиция облыс экономикасына тартылған (2018 ж. – 314,1 млрд теңге, 2019 ж. – 443,5 млрд теңге, 2020 ж. – 703,3 млрд теңге, 2021 ж. – 660,2 млрд теңге, 2022 ж. – 739,5 млрд теңге). Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі (1,8 трлн теңге, үлесі 64%). 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі $2 млрд-ты құрады. Жалпы сомасы 422 млрд теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды. Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд теңге, НКИ – 156,5%). 5 жылға арналған 368 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған (құны 2,8 трлн теңге, 18,5 мың жұмыс орны). 2023 жылы 48 жоба іске қосылған (16,2 млрд теңге, 1 168 жұмыс орны).
Осы ретте айта кетсек, таяуда облыс әкімдігінде өткен аппараттың апталық отырысында дәл осы өңірге инвестиция тарту мәселелері қаралды. Жалпы, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Аталған жұмыстардың нәтижесі және алдағы жоспарлар жоғарыда айтып өткеніміздей облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін жеткізді.
– Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуы тиіс. Келіссөздер арқылы нақты нәтижеге қол жететін болсын. Инвесторларға жағдай жасап, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсетіңіздер. Әрбір әкімнің жұмысы жеке талданып, сарапталады, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.
Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.
Аппараттың апталық отырысында облыс әкімінің тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар да сараланды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Асқар Қаныбековтың айтуынша, былтырдан бері облыс әкімінің деңгейінде 68 кездесу өтіп, жалпы 610 мәселе көтерілген. Оның ішінде 212 мәселе шешімін тапқан, 279 мәселе орындалу үстінде.
Мәжілісте облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс аумақтық даму бөлімінің басшысы М.Әліповтың аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Көгалдандыруға, тазалыққа немқұрайлы қараған аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтылып, жұмысты жандандыру жөнінде міндеттер жүктелді.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 есеге артып, 867 млрд теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 млрд теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды.
Түркістан облысының жеке құрылуына байланысты негізгі өндіріс орындары Шымкент қаланың аумағында қалды. Облыс өнеркәсібінің негізгі үлесін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайды. «Қазатомөндіріс» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның инвестициялық құны 100 млрд теңгені құрайды, 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы өңірдің республикалық бюджеттің трансферттеріне тәуелділігі жоғары. Өзіндік кірістерді көбейтуіміз қажет. Осыған орай, облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмек.
Биылғы жылдың 5 айында өнеркәсіп өнімі көлемінің өсімі сақталған (367 млрд теңге, нақты көлем индексі (НКИ) 105,9%). Өсім негізінен өңдеу, электр және сумен жабдықтау өнеркәсіптері өнімдерінің артуы есебінен орын алған. Өңдеу өнеркәсібінде 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр (жалпы құны 23 млрд теңге). Нәтижесінде, 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. Экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 5 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн теңгеден асқан (2018 ж. 544,3 млрд теңге). Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд теңге инвестиция тартылды. Салада жаңа технология кеңінен қолдануда. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады (Бұрын 60-70 центнер жиналған).
Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 млрд теңгені құрайтын 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңда оның 16-сы (5 млрд теңге сомасына 157 жұмыс орны) іске қосылған. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы (48,3%), сауда (23,3%), туризм және қызмет көрсету (20,3%) және өнеркәсіп (6%) саласында. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрлері тегін көрсетілді.