Қазақстанға АЭС қажет пе?

Қазақстанда АЭС соғу туралы мәселе қызу талқылануда

qazweek.kz

«АЭС салынатын Үлкен ауылында жария тындау өтті, халықтың бәрі құрылысты қолдап отыр» деп қазақстандық ақпарат құралдарының бәрі жарыса жазды.
Әрине, ауыл тұрғындары қос қолдап қолдайды. Оған дауымыз жоқ. Неге? Өйткені АЭС салу ол алдымен үлкен құрылыс нысаны, ол жерде қаншама адам, алдымен әрине жергілікті тұрғындар жұмысқа кіреді. Қазіргі жұмыссыздық жайлаған заманда АЭС тұрмақ, басқа салса да халық қарсы болмайды. Осыған байланысты newsroom.kz порталы Мемлекеттік басқару саласының сарапшысы Руслан Дүйсеновпен сұхбаттасты.

- Референдум әділ өте ме?

- Енді жалпыхалықтық референдум өткізетін болдық. Мен адамдарға таңдау беретін демократиялық сайлаудың қызу жақтаушысымын. Референдум идеясын да қолдаймын. Өйткені, апаттардың ықтимал әсерінің ауқымын ескере отырып, бір адам емес, бүкіл ел шешім қабылдағаны дұрыс. Егер қоғам белсенді болса және оған құрметпен қарауды және алданбауды талап етсе, онда мұндай елде сайлау нәтижелері сенімді. Егер адамдар сайлауды елемейтін болса, дауыс беруге бармаса, бақылаушы болып жазылмаса, онда біреу қалаған суретін сала салатынына дайын болыңыз. Бұған дейінгі сайлаулардың қалай өткенін өте жақсы білеміз. «Сайлау маңызды емес, санау маңызды» деген талай сайлау басымыздан өткен. Сондықтан, біздегі сайлаулардың қалай өтетінің білгендіктен, референдум нәтижесі күмән тудыратын болады. 

- Қазақстанада АЭС салудың кері жақтары қандай?
- Мамандығым АЭС-ке байланысты емес. Бірақ Қазақстанда атом электр станциясын салуға қарсымын. Оның басты себебі – қорқыныш. Чернобыль, Токаймура, Фукисимо, Три-Майл-Айленд... Бұл біз білетін ғана апаттар. Мүмкін жасырып, айтпаған кіші апаттардың болуы да мүмкін. Өзіміздегі Семей полигоны да бар. Яғни, АЭС туралы білмейтін көп қазақ сияқты, мен де қорқамын.
Қарсы болуымның екінші себебі, ғылым мен техникасы дамыған Америка және Еуропаның көп мемлекеттері АЭС-тен бас тартып жатқанда, біздің оған тырыштанып жатқанымыз. Бұдан қарсылығымның үшінші себебі шығады, яғни біздегі ұлттық мамандардың тапшылығы. 
Енді ақыры салатын болған соң халықтың арасында неге түсіндіру жұмыстарын дұрыстап жүргізбейді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ақсап жатқаны көрініп тұр. 

- Қалыпты және штаттан тыс жағдайларда атом электр станцияларының әсері қандай, апаттардың алдын алуға бола ма және ядролық қондырғыларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдануда?
- Осы туралы мамандар неге түсінікті тілмен айтпайды.
Ресми ақпараттың жоқтығынан, болса да толық болмағандықтан, мәлімет алу үшін ашық дерек көздеріне жүгінеміз. 
Құрылыс жұмыстары және пайдалану технологиясы сақталған жағдайда, атом электр станцияларының қоршаған ортаға әсері басқа технологиялық объектілерге, мәселен химиялық кәсіпорындар мен жылу электр орталықтарына қарағанда айтарлықтай аз болуы мүмкін және аз болуы тиіс те. Алайда, апат болған жағдайдағы бөлінетін радиация экология, адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті факторлардың бірі болып табылады. Бұл жағдайдағы қауіпті тіпті ядролық қаруды сынау кезімен теңестіруге болады. 
АЭС жұмысы кезіндегі ең негізгі ластаушы факторлардың бірі – салқындатқыш мұнаралар, салқындату жүйелері және шашырау бассейндері жұмыс істеген кезде пайда болатын атом электр станцияларының жылу әсері. Олар микроклиматқа, судың күйіне, нысаннан бірнеше шақырым радиуста флора мен фаунаның тіршілігіне әсер етеді. Атом электр станциялары бөлетін энергияның шамамен 33-35% ғана пайдаланылып, қалған жылу (65-67%) атмосфераға бөлінеді екен.
Ал, пайдалы әсер коэфициентіне (КПД) келетін болсақ, ең төмені осы атом станциялары екен:
- жылу электр станциялары (КПД η = 40 %);
- су электр станциялары (КПД η = 90 - 93 %);
- атом электр станциялары (КПД η = 20 - 25 %).
Санитарлық аймақтың аумағында атом электр станцияларының, атап айтқанда салқындатқыш су қоймаларының әсерінен жылу мен ылғал бөлініп, бірнеше жүз метр радиуста температураның 1-1,5 градусқа көтерілуіне әкеледі. Жылы мезгілде су объектілерінің үстінде тұман пайда болады, олар айтарлықтай қашықтыққа таралады, инсоляцияны нашарлатады және ғимараттардың бұзылуын тездетеді. Суық ауа райында тұман көктайғақ құбылыстарын күшейтеді. Бүріккіш құрылғылар бірнеше шақырым радиуста температураның одан да жоғарылауына әкеледі. 
Суды салқындататын буландырғыш мұнаралар-градирналар жазда 15%-ға дейін, ал қыста 1-2% - ға дейін буланып, бу конденсатын түзеді, ал бұл іргелес аумақта күн сәулесінің 30-50% төмендеуіне әкеліп соғады және метеорологиялық көрінуді 0,5-4 шақырымға нашарлатады. АЭС әсері іргелес су қоймаларының экологиялық жағдайы мен гидрохимиялық құрамына әсер етеді. Салқындату жүйелерінен су буланғаннан кейін оларда тұздар қалады. Тұздың тұрақты тепе-теңдігін сақтап тұру үшін кермек судың бір бөлігін төгіп, оны тұщы сумен ауыстыру керек. 
Яғни, құламай, дәнеңе етпей АЭС-ті салып біткеннің өзінде, одан АЭС бұзылмай, сынбай жұмыс істеген күннің өзінде, АЭС айналасына өне бойы өлім сәулесін шашып тұратын болады. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген екен. 
Бірақ, атомщиктер «қалыпты жұмыс жағдайында радиациялық ластану және иондаушы сәулеленудің әсері минимумда болып және рұқсат етілген табиғи фоннан аспайды» деп сендіргісі келеді. Сонда да, атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адамдарға апатты әсері апаттар мен ағып кетулер кезінде пайда болуы мүмкін екенін ескеруіміз тиіс. 
Атом энергетикасында мүмкін болатын техногендік тәуекелдер туралы ұмытпаңыз. Олардың ішінде: 
- ядролық қалдықтарды сақтаумен штаттан тыс жағдайлар.
- отын-энергетикалық циклдің барлық кезеңдерінде орын алатын радиоактивті қалдықтар өндірісі қымбат және күрделі қайта өңдеу және көму процедураларын қажет етеді. 
- жұмыстың бұзылуына және тіпті ауыр апатқа әкелуі мүмкін «адам факторы». 
- сәулеленген отынды өңдейтін кәсіпорындардағы мүмкін апат. 
- ықтимал ядролық терроризм.

АЭС жұмыс істеуінің нормативтік мерзімі 30 жылды құрайды. Станция пайдаланудан шығарылғаннан кейін берік, күрделі және қымбат саркофагтың құрылысы қажет, және оны әлі де ұзақ уақыт қаржыландыруға тура келеді. 
АЭС-тің қоршаған әлемге әсері қаншалықты қауіпсіз? Табиғатта табиғи радиация бар. Бірақ экология үшін апат болған жағдайда АЭС-тің қарқынды радиациялық әсері, сондай-ақ жылу, химиялық және механикалық әсер ету өте қауіпті. Ядролық қалдықтарды қайта пайдалану, жою мәселесі де өзекті. Биосфераның қауіпсіз өмір сүруі үшін арнайы қорғаныс шаралары мен құралдары қажет. Әлемде атом электр станцияларының құрылысына деген көзқарас әр түрлі, әсіресе ядролық қондырғылардағы бірқатар ірі апаттардан кейін сенімсіздікпен қарау бар. 
1986 жылы болған Чернобыль трагедиясынан кейін қоғамдағы атом энергетикасын қабылдау мен бағалау ешқашан бірдей болмайды. Ол кезде атмосфераға радионуклидтердің 450-ге дейін сорттары, соның ішінде қысқа өмір сүретін йод-131 және ұзақ өмір сүретін цезий-131, стронций-90 шашылды. 
Апаттан кейін әртүрлі елдердегі кейбір зерттеу бағдарламалары жабылды, қалыпты жұмыс істейтін реакторлар жұмысын тоқтатты, ал жекелеген мемлекеттер атом энергетикасына мораторий енгізді. 

Әлемдегі электр энергиясының шамамен 15%-ы ғана АЭС көмегімен өндіріледі. Баламалы энергия көздерін дамыту атом электр станцияларын алмастыра алады. Тағы бір дерек: әлемде өндірілетін электр қуатының 60 %-ін жылу электр станциялары шығарса, 20%-ін су электр станциялары өндіреді екен.
Қайтадан бағанағы сұрағымызға қайта оралайық: атом станциясы жұмысынын қалдықтарын қайда қою керек? Қазақстанда сақтайтын арнайы орын жоқ. Бізде Семей полигонында пайдаланылған радиоактивті қалдықтарды сақтайтын шағын қойма бар, бірақ ол реакторлық отынға арналмаған. Сондықтан оны біз басқа жаққа шығаруымыз керек болады. Ол өте қиын және қымбат шаруа. АЭС-ті ең көп болса 30-40 жыл пайдалансақ, одан қалған қалдықтан жүздеген жылдар бойы құтыла алмаймыз, оған да қыруар ақша жұмсауымыз керек. Біз емес, келер ұрпақ. Яғни, барлық зияның балаларымыздың мойнына іліп кетеміз.

- Қазақстан шынымен де қосымша энергия қуатына мұқтаж ба? АЭС шешім бола ала ма? Бізге жаңа электр станциясы қажет пе?
Ол туралы ашық ақпарат жоқ, таппадым. Барлық ағымдағы болжамдарда бізде қазір, керісінше, энергияның профициті бар және ұзақ мерзімді перспективада да сақталады дейді. Бірақ оңтүстік аймақ тапшылық сезініп отыр. Сол үшін нақты инженерлік есептер қажет. Олар әзірше жоқ сияқты. Ашық дерек көздерінен бізде апатты энергия тапшылығы бар екенін көруге болатын болашақ жоспарларды да көрген емеспін.
Ел қандай энергияға мұқтаж екенін анықтауы үшін нақты және түсінікті экономикалық және экологиялық негіздемелер болуы керек қой. Көмір энергетикасы - шаңды, лас, ондаған миллион тонна қалдық қалдырады дейді. Бірақ, бар мәселе көмірді қалай қазуда екенін айтпайды. Егер көмір қазбамызды технологияны сақтап, дұрыстап қазатын болсақ, қазіргідей көміріміздің 70%-і күл болмайтын еді. Газдан зиян аздау дейді, бірақ ол да климатқа әсер етеді, зиян газдарды ауаға бөледі, және оның қоры аса көп емес. Атом энергетикасы дұрыс істеп тұрса таза, ал құдай сақтасын апат болып жатса былғаныштың көкесін сонда көресін. 
Атом станциясының осындай «пайдасы» мен «зияның» таразыға сала келе ғой, Еуропаның көп елдері атом энергетикасынан бас тартып отырғаны.
Мені мазалайтын басты мәселе, АЭС-ті соғуға қарсылығымның ең негізгі себебі – ол елімізді жайлаған жаппай жемқорлық. Алдымен АЭС соғуға бөлінген қаржының жартысын жымқырып, қалған ақшаға соғылған нысанды «жең ұшынан жалғасып», көз жұмып қабылдай салса, қалай тыныш ұйықтайсын. Cыбайлас жемқорлық радиоактивтілікке қарағанда қауіпті,- деп жауап берді Руслан Дүйсенов.

Жүктелуде...