Өткен аптада Қазақстанда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Жаңа басшылар ұлттық компаниялар мен өңірлік ведомстволарға тағайындалды.
Айбек Сыдыков Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы басқарушысының орынбасары болып тағайындалды. Бұған дейін ол мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарған.
Айбек Сыдыков еңбек жолын 2006 жылы Алматы тарихы музейінің экскурсоводы болып бастаған. Кейін ғылыми қызметкер, директордың орынбасары және осы музейдің директоры болды. 2015–2016 жылдары Алматы музейлер бірлестігін басқарды, ал 2016 жылдан 2022 жылға дейін «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейінде басшылық қызметтер атқарды.
2022–2025 жылдары Қазақстан ұлттық музейі директорының орынбасары болды. 2025 жылғы қаңтарда мәдениет және ақпарат вице-министрі болып тағайындалған еді.
Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жаңа басшысы болды. Ол 2001 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ерсайын Нағаспаев еңбек жолын Теміртау қаласы әкімдігі аппаратында бастаған. Әр жылдары Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеді. Сондай-ақ оның кәсіби қызметі Маңғыстау облысымен байланысты болды: Ақтау теңіз халықаралық сауда порты аппараты басшысының орынбасары және басшысы қызметтерін атқарды.
Ол Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары болды, сондай-ақ коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтер атқарды. 2021–2025 жылдары КТЖ-да жетекші лауазымдарда жұмыс істеді. 2026 жылғы қыркүйек пен қараша аралығында Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарған.
Жанат Тоғайбекова Түркістан облысы бойынша медициналық бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалды.