Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Кунар провинциясында мектеп маңында болған жарылыстан кемінде 10 адам қаза тауып, 110-нан астам адам жарақат алды. Бұл туралы талибтер өкілі хабарлады.
Жараланғандардың арасында балалар көп. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс тау-кен компанияларына тиесілі жарылғыш заттар сақталған қоймада болған.
Бастапқы тергеу қорытындысына сәйкес, қайғылы оқиға немқұрайлылық пен қауіпсіздік шараларының сақталмауынан болған.
Жергілікті жерде түсірілген видеоларда адамдардың қансыраған балаларды қолда бар көлікпен емдеу мекемелеріне жеткізіп жатқанын көруге болады.
Оқиға тау-кен кәсіпорындары көп орналасқан өңірде болды. Кунар провинциясы Пәкістанмен шектеседі.
Бұл жарылыс Кабулдағы білім беру орталығында болған және кемінде 42 баланың жарақат алуына себеп болған оқиғадан үш ай өткен соң тіркеліп отыр. Бұған дейінгі хабарларға қарағанда, ауруханаға түскендердің кемінде 35-і 10 бен 15 жас аралығындағы балалар болған.