Халықаралық басқосуда құқық пен мәдениеттің өзара байланысы, әділеттілік қағидаттары, мемлекеттілікті нығайту, адам құқықтарын қорғау және азаматтық жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды.
Симпозиум қатысушыларына Қазақстан Республикасы Президентінің орынбасары Ерлан Қарин үндеу жолдап, Конституцияның қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Оның пікірінше, Ата заңды тек құқықтық құжат ретінде емес, мемлекет пен қоғам арасындағы ортақ келісім ретінде қарастыру маңызды.
Ал Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова конституциялық құндылықтарды қоғамдық санаға сіңіру мәселесін көтерді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қаланың өркениеттер арасындағы байланысты нығайтудағы тарихи орнын және халықаралық ғылыми-мәдени ынтымақтастықты дамытудағы әлеуетін атап өтті.
Тарихта талай маңызды саяси шешімдер қабылданып, билер әділдік орнатқан Түркістан бүгінде әлемдік құқықтанушылар бас қосатын халықаралық алаңға айналып отыр. Бұл – қаланың ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттерді тоғыстыру дәстүрінің жаңа мазмұнда жалғасуы.
Симпозиумда айтылған негізгі ойлардың бірі – заңның қағаз жүзінде жазылуы жеткіліксіз, оның қағидаттары қоғамның санасына сіңіп, күнделікті өмірде жүзеге асуы қажет.