Республикалық жұмыс тобының құрамында ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Абдулла Исматуллаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев бар.

Сапар аясындағы алғашқы кездесу Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Жиында Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттер, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, жастардың белсенділігін арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері талқыланды.

Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы ел дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтінін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамның санасы, азаматтардың жауапкершілігі мен ортақ құндылықтарға деген көзқарасы да мемлекеттің болашағына тікелей әсер етеді.
«Бүгінде бізге білімді, еңбекқор, отаншыл әрі жаңашыл ұрпақ қажет. Адалдық, әділдік, заңға құрмет, қоғамдық келісім және жауапкершілік қағидаттарын нығайту – стратегиялық міндеттердің бірі. Отанға деген сүйіспеншілік құр сөзбен емес, адал еңбекпен, сапалы біліммен және ел болашағына бейжай қарамаумен өлшенеді», – деді ол.
Бұдан кейін республикалық жұмыс тобы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне барып, оқу орнының ғалымдары және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Онда білім мен ғылымды дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру, аграрлық саланы жаңғырту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.

Сапардың келесі бағыты – «Ұлы Дала елі» орталығы. Мұнда жұмыс тобы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттерімен жүздесті. Кездесуде жастардың ел дамуына қосатын үлесі, азаматтық жауапкершілік, ұлттық бірлік, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқару бағыттары талқыланды.
Студенттер де өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Республикалық жұмыс тобының Түркістан облысына сапары аясында өңірдегі әлеуметтік және қоғамдық нысандарға бару, түрлі сала өкілдерімен кездесулер өткізу арқылы Президент Жолдауындағы басым бағыттарды түсіндіру жұмыстары жалғасты.