Қазақстан медициналық туризм саласында шетелдік пациенттерді тартатын бағыттардың біріне айналып келеді. Соңғы уақытта елімізге тіс емдету, имплант орнату және өзге де стоматологиялық қызметтерді алу мақсатында келетін шетел азаматтарының қатары артып отыр. Бұған отандық клиникалардағы қызмет сапасы мен бағаның қолжетімділігі ықпал етуде.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Құрылтай отырысы аясында өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде мәлімдеді.
Вице-министрдің сөзінше, Қазақстанның медициналық туризм нарығындағы негізгі басымдықтарының бірі – халықаралық деңгейдегі қызметті салыстырмалы түрде төмен бағамен ұсына алуы. Бұл әсіресе стоматология саласында айқын байқалады.
Қазақстан стоматологтары қауымдастығының деректеріне сәйкес, шетелдік азаматтар арасында отандық стоматологиялық клиникаларға деген қызығушылық күшейіп келеді. Бұған басқа мемлекеттердегі емдеу құнының жоғарылығы да әсер етіп отыр.
Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, бір ғана тіс имплантын орнату кейбір шетелдерде бірнеше мың доллар немесе еуроға бағаланады. Ал Қазақстанда дәл осындай процедуралар әлдеқайда арзанға түседі. Сонымен бірге отандық мамандар көрсететін стоматологиялық көмектің сапасы шетелдік клиникалар деңгейінен төмен емес.
Осылайша, баға мен сапаның тиімді үйлесімі Қазақстанның медициналық туризмдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық медицина саласына шетелдік пациенттерді тартуға жол ашып отыр.