weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

«Шу көтермеңіз»: Боқаев Хамракуловтың адвокатына қандай нұсқау берді?

Алматыда Санжар Боқаев пен өзге де айыпталушыларға қатысты сот процесі жалғасуда. Оларға алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық жасау, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылған.

«Шу көтермеңіз»: Боқаев Хамракуловтың адвокатына қандай нұсқау берді?

Кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптау тарапы бірқатар заттай дәлелдемені жария етті. Олардың қатарында Боқаев пен Д. Ахметовтің өзара хат алмасуы бар. Айта кетейік, Ахметов бұған дейін Баум тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесу ісі бойынша Ақылбек Хамракуловтың адвокаты болған.

Прокурорлардың назарын әсіресе 2026 жылғы 25 қаңтардағы хабарламалар аударды. Онда Боқаев пен Ахметов Хамракулов, Раз және Артықбаевқа қатысты алдағы сот процесін талқылаған.

Бұған дейін Раз бен Артықбаев сотта плиталарды ұрлау үшін оларды Хамракулов жалдағанын және атқарған жұмыстары үшін ақы төлегенін айтқан болатын. Кейін Хамракулов айыптау тарапының куәгерлері қатарынан шығарылды. Бұған оның Боқаевтың туыстары және қорғаушылары тарапымен процессуалдық тәртіптен тыс байланыс орнатқаны туралы мәліметтердің сотта жариялануы себеп болған.

Жарияланған хаттардан Боқаевтың жоғары лауазымды таныстарына сүйене отырып, іс фигуранттарына шартты жаза тағайындалатынына сендіргені байқалады. Сонымен қатар ол жағдайды ушықтырмауға, құқық қорғау органдарын іске араластырмауға және әзірге ешқандай әрекет жасамауға шақырған.

Хат алмасу барысында Ахметов Боқаевқа Хамракуловтың полиция қызметкерлері тарапынан қысым көргені туралы мәлімдемесі жазылған бейнежазбаны да жіберген. Боқаев видеоны әзірге жарияламауды сұрап, оны кейін пайдаланатынын айтқан. Алайда кейін Хамракулов аталған бейнежазбадағы сөздерінен бас тартып, видеоны адвокаттың өтініші бойынша түсіргенін мәлімдеген.

Сондай-ақ хат алмасудағы қаржылық мәселелер де назар аудартты. Тергеу кезінде Боқаев Ахметов арқылы Хамракуловқа ақша беріп отырғаны айтылды. Бұған қоса, одан ешкіммен сөйлеспеуді, ештеңе жарияламауды және бұл мәселеге қатысты үнсіз қалуды талап еткен.

«Ол уайымдамасын, ешкіммен сөйлеспесін, оған ақшаны жеткізіп береді, үндемесін, ешкімге ештеңе айтпасын», – деген Боқаевтың сөзі де сотта жарияланды.

Мемлекеттік айыптау тарапының пікірінше, бұл деректер Боқаев пен Хамракуловтың арасында байланыс болғанын көрсетеді. Ал айыпталушы Нүсіпқожаның және куәгерлер Раз бен Артықбаевтың айғақтарына сәйкес, плиталарды ұрлау мен Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді ұйымдастырған негізгі тұлға Хамракулов болған.

Бұған дейін сотта Боқаев пен Хамракулов арасындағы хат алмасулар да зерттелген еді. Оларда ақша аударымдары туралы әңгімелер, сондай-ақ ұрланған плиталардың сапасына қатысты Боқаевтың наразылығы көрініс тапқан.

Отырыстағы тағы бір маңызды жайт – қорғау тарапының іс материалдарына «алтын дәлел» деп атаған флеш-картаны тіркеу туралы өтінішхаты болды. Адвокат Мусинаның айтуынша, қорғаушылар бұл материалды ұзақ уақыт бойы құпия сақтап, сот тергеуінің аяқталуына жақын кезде ғана жариялауды жөн көрген.

Алайда флеш-картаның мазмұны зерттелгеннен кейін жаңа сұрақтар туындады.

Онда Ахметовтің өтініші бойынша түсірілген Хамракуловтың полиция тарапынан қысым көрсетілгені туралы мәлімдемесі жазылған бейнежазба, сондай-ақ қорғау тарапы қысым фактісін растауы тиіс деп есептеген телефон арқылы сөйлесу видеосы болған.

Сот отырысындағы ең қызу сәт мемлекеттік айыптаушының екінші бейнежазбаға қатысты пікір білдіруі кезінде болды. Кадрлардан адвокат Ахметовтің телефон нөмірін теріп, біреумен сабырлы түрде сөйлесіп отырғанын көруге болады. Алайда әңгімелесуші өзін полиция қызметкері ретінде таныстырмаған. Прокурор бейнежазбада қандай да бір қысым көрсету белгілері байқалмайтынын атап өтті.

Өз кезегінде Боқаевтың адвокаттары «алтын дәлелдің» нақты қандай мәні бар екенін түсіндіріп бере алмады. Қойылған сұрақтарға жауап берудің орнына қорғау тарапы сот отырысында үзіліс жариялауды сұрады.

Осылайша, көптен күткен «алтын дәлелді» талқылау нақты жауаптарсыз қалып, сот отырысындағы үзіліспен аяқталды.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер