weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Астанада биыл 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды

2026 жылы елордада көгалдандыру жұмыстары барлық ауданды қамтыды. Қала көшелері, саябақтар мен скверлер, қоғамдық кеңістіктер және инфрақұрылым нысандарының аумағы ағаштармен, бұталармен және көпжылдық өсімдіктермен толықты. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Астанада биыл 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды
Фото: gov.kz

Қазіргі уақытта елордада 4 миллионнан астам жасыл желек бар. Ал «Жасыл белдеу» аумағында шамамен 14 миллион ағаш өсіп тұр. Қалада жыл сайын кемінде 1 миллион ағаш, бұта және гүл отырғызу дәстүрге айналған.

Биыл жыл басынан бері Астанада 1 миллионнан астам жасыл желек егілді. Оның 700 мыңға жуығы көктемде, 400 мыңнан астамы күзде отырғызылған. Көгалдандыру кезінде шаған, жөке, қайың, қарағай, гортензия, спирея, шалфей және сәндік астық тұқымдас өсімдіктер пайдаланылды.

Есіл ауданындағы жасыл қорда 240 мыңға жуық ағаш, 600 мың бұта, 65 мың шаршы метр гүлзар, 5 миллион шаршы метр көгал және 117 мың погон метрден астам тірі қоршау бар. Биыл ауданда 70 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды. Жұмыстар Керей-Жәнібек хандар, Ұлы Дала көшелері мен Қабанбай батыр даңғылының бойында, EXPO саябағында және ҚТЖ скверінде жүргізілді.

Байқоңыр ауданында жыл басынан бері 1 138 ағаш пен 11 930 бұта егілді. Көктемде 556 ағаш отырғызылса, күзде тағы 582 ағаш қосылды. Атап айтқанда, Ататүрік саябағында, Кенесары көшесінде, Абай даңғылында және Пушкин көшесінде жасыл желек көбейді. Сонымен қатар күзгі маусымда 8 609 сәндік бұта отырғызылды. Былтыр Ж. Тәшенев көшесіндегі скверге егілген 80 алма мен алмұрт ағашы биыл жеміс бере бастаған.

Сарайшық ауданында шамамен 75 мың ағаш, 31 мың бұта, 10 мың шаршы метр гүлзар және 2,4 миллион шаршы метр көгал бар. Биыл аудан аумағында 35 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстары Р. Қошқарбаев даңғылында, Есіл өзенінің жағалауында, А. Бөлекпаев көшесіндегі аллеяда, Астана – Қарағанды тасжолы бойында және Ұлттық музей маңында жүргізілді.

Сарыарқа ауданында жыл басынан бері 333 мыңнан астам жасыл желек егілді. Оның ішінде 4,4 мыңнан астамы – ағаш. К. Күмісбеков көшесінде 500-ден астам ағаш пен 2,4 мыңнан астам бұта отырғызылды. Сондай-ақ Кенесары көшесінде, Көктал саябағында, «Наз» театры жанындағы скверде және тұрғын алаптарда көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Кенесары көшесінде өсімдіктерді суаруға арналған жергілікті жүйе қарастырылған.

Алматы ауданындағы жасыл қор 99,7 мыңнан астам ағаш пен 68,1 мың бұтаны қамтиды. 2026 жылы мұнда 42 332 жасыл желек отырғызылды. Атап айтқанда, ағаштар, сәндік бұталар, көпжылдық гүлдер мен сәндік шөптер егілді. Бұған қоса көгалдар абаттандырылып, жасыл аймақтар жаңартылды.

Нұра ауданында биыл шамамен 5,5 мың ағаш, 75 мың бұта және 9 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызылды. Сонымен бірге құрылыс, көгалдандыру жобалары мен экологиялық акциялар аясында 500 мыңнан астам жасыл желек егілген.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер