Астана әкімдігі қоғамдық көлікте жүрудің жаңа тарифтерін бекітті. Енді жолаушылар төлейтін сома электронды төлем жүйесін немесе қолма-қол ақшаны пайдалануына, сондай-ақ автобустың бағытына байланысты есептеледі.
Қолма-қол ақшасыз төлем жасаған жағдайда қалалық және әлеуметтік маңызы бар маршруттарда жолақы 150 теңге болады. Экспресс-маршруттарда бір сапардың құны 300 теңгені құрайды. Ал қала маңына қатынайтын автобустарда әр шақырым үшін 13 теңге төлеу қажет.
Қолма-қол ақшамен төлейтін жолаушылар үшін тариф жоғары болады. Қалалық және әлеуметтік маңызы бар маршруттарда жолақы 300 теңге, ал экспресс-автобустарда 400 теңге болып белгіленді. Қала маңындағы бағыттарда әр шақырымға 19 теңгеден есептеледі.
Кімдер тегін қатынай алады?
Жеңілдік беретін көлік картасының иелері әлеуметтік маңызы бар маршруттарда бұрынғыдай тегін жүре алады.
Сонымен қатар электронды төлем жүйесінде ақау туындаса, электронды жол жүру құжаты бар жолаушылар қоғамдық көлікті тегін пайдалана алады.
Жаңа тарифтер қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Осылайша, жолаушыларға жолақы төлеу тәсіліне назар аударған жөн. Қалалық автобуста қолма-қол ақшамен төлеу электронды төлеммен салыстырғанда 150 теңгеге қымбат болады.