Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ішкі туристер санын 11 млн адамға жеткізу міндеті қойылған. Осы мақсатта туризм саласын дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы қабылданып, алты бағыт бойынша 66 іс-шараны жүзеге асыру көзделген.
Жоспар аясында туристік инфрақұрылымды дамыту, салаға инвестиция тарту, жаңа туристік өнімдер қалыптастыру және қызмет көрсету сапасын арттыруға басымдық беріледі. Сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымын жақсарту, визит-орталықтар салу, курорттық аймақтарды абаттандыру және туризм саласына білікті мамандар даярлау қарастырылған.
Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендердің туристік әлеуетін арттыру, ат туризмін дамыту және балалар мен жасөспірімдерге арналған туристік жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2029 жылға қарай Қазақстанда ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға жеткізу көзделген. Сонымен қатар туризм саласының жалпы қосылған құнын 6,3 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.