Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында орналасқан «Жібек жолы» және «Гишт-Куприк» өткізу пункттері ресми түрде пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев пен Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары, Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты.
Шекаралық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен шекаралас аумақтарда 9 автомобиль өткізу пункті жөнделіп, іске қосылған. Биылғы қаңтар-қазан айларында шекарадан өткен автокөліктер саны 25%-ға артып, 2 миллионға жетті. Ал кедендік төлемдер мен салықтардан түскен түсім 4,3 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға өскен.

«Жібек жолы» өткізу пунктінің маңызы жолаушылар ағынынан да байқалады. Мәселен, 2024 жылы бұл бағыт арқылы 11 миллионнан астам адам өткен. Нысан жөндеуге жабылған кезеңде жолаушылар басқа өткізу пункттерін пайдалануға мәжбүр болып, көршілес бағыттарға түсетін жүктеме артқан. Енді оның қайта іске қосылуы екі ел арасындағы қатынасты бұрынғы қалпына келтіруге жағдай жасайды.
Жаңғырту барысында жалпы аумағы 10 мың шаршы метрге жуық екі жолаушылар терминалы салынды. Оның бірі Қазақстанға кіретін азаматтарға, екіншісі елден шығатын жолаушыларға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар көліктерді тексеруге арналған 6 мың шаршы метрлік ортақ жабық алаң қарастырылған. Кіреберістегі қозғалыс жолақтарының саны екіден алтыға дейін көбейтіліп, жолаушылар мен автокөлік ағындары бөлек ұйымдастырылды.
Жаңа инфрақұрылым қарбалас уақытта тәулігіне 100 мың адамға дейін қабылдай алады. Терминалдарда паспорттық бақылауға арналған 82 кабина және 20 автоматтандырылған Q-gate жүйесі орнатылған. Бұл құжаттарды тексеру рәсімдерін жеделдетіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кедендік бақылау жүйесі де заманауи жабдықтармен толықтырылған. Атап айтқанда, рентген аппараттары, жолаушыларды сканерлеу құрылғылары, радиациялық бақылау жабдықтары және автобустар мен жеңіл көліктерді тексеруге арналған инспекциялық кешендер іске қосылды.
Жаңартылған өткізу пункті туристік және халықаралық көлік қатынасын дамытуға да серпін береді деп күтілуде. Жолаушылар автобустары мен жеке көліктерге қолайлы жағдай жасалуы екі ел арасындағы сапарларды жеңілдетіп, транзиттік бағыттардың әлеуетін арттырмақ.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, екі өткізу пунктінің бірлесіп ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық байланысты нығайтуға бағытталған саясаттың жалғасы болып табылады.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжанов және ҰҚК Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов та қатысты.