International Journal of Cancer журналында жарияланған зерттеуге Ұлыбританиядағы 977 мыңнан астам адамның деректері енгізілген. Қатысушылар орта есеппен 11–14 жыл бақыланған.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сусынды «өте ыстық» күйінде ішетін адамдарда өңештің жалпақ жасушалы қатерлі ісігінің даму қаупі жылы сусын ішетіндермен салыстырғанда шамамен үш есе жоғары болған. Ал күніне алты немесе одан да көп ыстық сусын ішетін адамдарда бұл көрсеткіш 71 пайызға жоғарылаған.
Ғалымдар шай мен кофенің арасында айтарлықтай айырмашылық байқамаған. Зерттеушілердің пайымдауынша, негізгі қауіп сусынның құрамында емес, оның температурасында болуы мүмкін. Өйткені өте ыстық сұйықтық өңештің шырышты қабатын зақымдауы ықтимал.
Дегенмен зерттеу сусынның жоғары температурасы қатерлі ісікті тікелей тудыратынын дәлелдемейді. Ол тек осы факторлар арасындағы байланысты көрсетеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі бұған дейін 65°C-тан жоғары температурадағы сусындарды адам үшін ықтимал канцерогендер қатарына жатқызған.
Мамандар сүйікті шай мен кофеден бас тартуға шақырмайды. Олар сусынды ішер алдында сәл суытып, ауыз бен өңешті күйдіретіндей ыстық күйінде тұтынбауға кеңес береді.