26 қыркүйек, сенбі күні Батыс Қазақстан облысында Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді жерлеу рәсімі өтті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қаралы жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Құрылтай депутаттары Тұрарбек Тілемисов пен Мұратбек Мұхамедиев, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Қарулы күштердің өкілдері, қоғам қайраткерлері және қаза тапқандардың әріптестері қатысты.
Қатысушылар марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтып, арнаулы дұғалар оқылып, еске алу рәсімдері өткізілді. Қаза тапқандардың рухына тағзым етілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік төлемдер, материалдық қолдау және жоқтау шараларын ұйымдастыруға жәрдем бар.
Бұған дейін қаражат жинау үшін арнайы қор белгіленген болатын. Жиналған барлық қаражат қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге толық атаулы әрі ашық тәртіппен, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауымен бағытталмақ.
25 қыркүйек күні таңертең Оралға Маңғыстауда қаза тапқан батысқазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Гилаждың денелері арнайы рейспен жеткізілді. Сол күні кешке Каспий теңізінде қаза тапқан тағы бір әскери қызметші — сержант Мансұр Ғұмаровтың денесі де Оралға әкелінді.
Офицермен қоштасу рәсімі 27 қыркүйекте Ақжайық ауданы Жұбан ауылында өтеді.