Оқиға сәуір айында көпқабатты үйлердің бірінде болған. Сот материалдарына сәйкес, ер адам көршілес тұрған 8 жастағы қызға шоколад ұсынып, кейін оның соңынан лифтке кірген. Онда балаға ақша ұсынып, бірге жүруге көндіруге тырысқан.
Қыз бас тартып, лифттен қашып шыққан. Алайда ер адам оның соңынан еріп, қуып жеткен. Жәбірленуші одан босап, баспалдақпен жоғары қарай қашқан. Қыз тоғызыншы қабатқа жетіп, көмек сұрап, пәтерлердің есігін қаққан. Ер адамды үй тұрғындарының бірі есігін ашқаннан кейін ғана тоқтатқан.
Адвокаттың айтуынша, оқиғаның бір бөлігі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Сонымен қатар қыз болған жағдай туралы сотта жауап берген. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындамаған және өкінбеген.
Оқиғадан кейін отбасы басқа жерге көшіп, қызды өзге мектепке ауыстырған. Анасының айтуынша, баланың жағдайы тұрақты болғанымен, ер адамдардан қорқу сезімі пайда болған.
Соттың қайта қаралған шешімі бойынша, ер адам 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Сотталған адамның II топтағы мүгедектігі бар екені және жұбайы қайтыс болғаннан кейін кәмелетке толмаған балаларын өзі тәрбиелеп келгені айтылды. Оның жазасын өтеуіне байланысты балаларын білім беру органдарының қамқорлығына беру туралы шешім қабылданған.