Тікелей рейс неге бірден ашыла салмайды?
Қазақстандық әуе компаниясының АҚШ-қа ұшуы үшін тек алыс қашықтыққа ұшатын ұшақтың болуы жеткіліксіз. Елдің авиациялық билігінің қауіпсіздікті мемлекеттік деңгейде бақылау жүйесі де америкалық талаптарға сай болуы қажет.
Осыны бағалау үшін FAA IASA бағдарламасын қолданады. Оның аясында нақты бір ұшақ немесе әуе компаниясының ғана қауіпсіздігі емес, мемлекеттің азаматтық авиацияны қаншалықты тиімді қадағалай алатыны тексеріледі.
FAA Қазақстанда нені тексеріп жатыр?
• авиация персоналына куәлік беру;
• әуе кемелерін пайдалану;
• ұшуға жарамдылығын бақылау;
• авиациялық мамандарды лицензиялау;
• әуе тасымалдаушыларды сертификаттау;
• қауіпсіздік талаптарының орындалуын тұрақты бақылау сияқты бағыттар бағаланады.
FAA сарапшылары авиациялық құқық, персоналды лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшу операциялары бойынша мамандардан құралған.
Category 1 деген не?
IASA бағдарламасы бойынша FAA мемлекеттерге екі санаттың бірін береді.
Category 1 (CAT 1) — елдің азаматтық авиация қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесі ИКАО стандарттарына сәйкес келеді дегенді білдіреді.
Бұл мәртебе қазақстандық әуе компанияларына АҚШ-қа ұшуды бастау үшін қажетті келесі рәсімдерден өтуге, сондай-ақ америкалық тасымалдаушылармен code-share келісімдерін жасауға мүмкіндік береді. Бірақ CAT 1-дің өзі АҚШ-қа автоматты түрде ұшу рұқсатын бермейді. Әуе компаниялары АҚШ-тың басқа да талаптарын орындауы қажет.
Бұл жұмыс қашан басталды?
Қазақстан тікелей әуе қатынасын ашу бойынша FAA-мен жұмысты бірнеше жылдан бері жүргізіп келеді.
2024 жылғы тамызда Қазақстанда IASA бойынша алдын ала техникалық шолу өткен. Сол кезде FAA мамандары елдің авиациялық билігінің ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін бағалаған.
Ал 2026 жылы бұл бағыттағы заңнамалық жұмыс та жалғасты. Қазақстанның авиациялық реттеу жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған өзгерістер енгізілді.
Air Astana да назарда
24 қыркүйекте FAA сарапшылары АҚШ Көлік министрлігінен коммерциялық қызметке рұқсат алуға өтінім берген Air Astana компаниясына техникалық сапар жасауды жоспарлап отыр. Алайда бұл сапар әуе компаниясына жүргізілетін кәдімгі инспекциялық тексеріс емес. Оның мақсаты — Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ұсынған ақпаратты растау.
Тікелей рейс қай бағытта болуы мүмкін?
Бұған дейін Қазақстан мен АҚШ өкілдері Нью-Йорк бағытын талқылаған. 2024 жылғы келіссөздерде тараптар тікелей рейстерді іске қосу мүмкіндігін, қажетті әуе кемелерін жеткізу мен әуежай слоттарын алу мәселелерін қарастырған.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бұған дейін тікелей рейстерді ашу жоспарында ұзақ қашықтыққа ұшатын Boeing 787 Dreamliner ұшақтарының келуін де маңызды фактор ретінде атаған. (Авиационная администрация Казахстана)
Енді не болады?
IASA бағалауы аяқталған соң FAA Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен қорытынды брифинг өткізеді. Одан кейін бағаланған бағыттар бойынша жазбаша есеп ұсынылады.
Егер Қазақстан Category 1 мәртебесін алса, бұл қазақстандық тасымалдаушылардың АҚШ бағытына шығуына қажетті келесі рәсімдерді бастауға мүмкіндік береді. Осыдан кейін әуе компаниялары АҚШ талаптарына сәйкес тиісті рұқсаттар мен рәсімдерден өтуі керек.
Сондықтан қазір Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейстің ашылуына қатысты негізгі мәселе — «ұшақ бар ма?» дегеннен гөрі, елдің авиациялық қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау жүйесі халықаралық талаптарға толық сәйкес келе ме деген сұраққа тіреліп отыр.