Associated Press агенттігінің хабарлауынша, демократтар бұған дейін республикашылдар басым болған бірқатар штатта жеңіске жетті. Енді олар федералдық бюджет шығындарын бақылауға, президент әкімшілігінің қызметіне қатысты тексерулер жүргізуге және мемлекеттік лауазымдарға ұсынылған кандидатураларды мақұлдау процесіне көбірек ықпал ете алады.
Сайлау қорытындысы АҚШ-тың сыртқы саясатына да әсер етуі ықтимал. Әсіресе Украинадағы соғысқа қатысты Вашингтонның ұстанымы, Ресеймен қарым-қатынасы және Иранға қарсы әскери науқанға байланысты мәселелерге назар аударылмақ.
Украина мен Ресейге қатысты ұстаным
Демократтар ықпалын арттыруы мүмкін бағыттардың бірі – Украинаға көрсетілетін америкалық қолдау. Deutsche Welle басылымының жазуынша, Демократиялық партия өкілдері Трамп әкімшілігін Киевке жеткілікті көмек көрсетпегені үшін бірнеше рет сынға алған.
Конгрестегі басымдық оларға Украинаға қосымша әскери және қаржылай көмек бөлу туралы заңнамалық бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді. Алайда мұндай шешімдердің қабылдануы Ақ үйдің ұстанымына және Конгрестегі саяси келісімдерге байланысты болады. Себебі президент заң жобаларына вето қою құқығын сақтап қалады. Оны еңсеру үшін Конгрестің екі палатасында да депутаттардың үштен екісінің қолдауы қажет.
Ресеймен қарым-қатынас мәселесінде де Ақ үй мен Конгресс арасында пікір қайшылығы туындауы мүмкін. Демократтар санкциялық саясат, дипломатиялық келіссөздер және Ресей-Украина соғысына қатысты АҚШ ұстанымын парламент деңгейінде жиірек көтере алады.
Иранға қатысты саясат
Конгрестегі жаңа саяси жағдай Иран төңірегіндегі ахуалға да әсер етуі мүмкін. Демократтар әскери науқанға қарсы шығып, әкімшіліктің шешімдерін тексеру, әскери шығындарды қайта қарау және операцияларды қаржыландыруды шектеу мәселелерін көтере алады.
Азаттық радиосына пікір білдірген сарапшылардың бағалауынша, Конгрестегі күштер арақатынасының өзгеруі Трамп әкімшілігін Иранмен қақтығысты дипломатиялық жолмен аяқтау нұсқаларын қарастыруға итермелеуі ықтимал. Дегенмен президент АҚШ Қарулы күштерінің бас қолбасшысы ретінде әскери операциялар мен сыртқы саясатқа қатысты елеулі өкілеттіктерін сақтап отыр.
Трамп әкімшілігін не күтіп тұр?
Конгрестің екі палатасында да демократтардың басымдыққа ие болуы президент әкімшілігіне парламенттік бақылауды күшейтеді. Оппозиция тыңдаулар өткізіп, мемлекеттік органдардан құжаттар талап етіп, үкімет өкілдерін жауап беруге шақыра алады.
Бұдан бөлек, Сенат министрлер кабинеті мүшелері мен федералдық судьяларды қоса алғанда, жоғары лауазымды қызметтерге ұсынылған кандидаттарды бекітуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан Трампқа кадрлық тағайындауларды жүзеге асыру бұрынғыдан күрделірек болуы мүмкін.
The New York Times басылымының хабарлауынша, сайлау қорытындысына қатысты пікір білдірген Дональд Трамп демократтармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеген.
Сонымен бірге Конгрестегі басымдықтың өзгеруі АҚШ-тың сыртқы саясаты бірден өзгереді дегенді білдірмейді. Президент вето қою құқығын және дипломатиялық әрі әскери шешімдер қабылдаудағы өкілеттіктерін сақтайды. Алайда бұдан былай Ақ үй демократтар бақылайтын Конгрестің ұстанымын да ескеруге мәжбүр болады.