Қызылорда облысында Спорт күніне арналған салтанатты шара өтті. «Құзыреттілік орталығында» ұйымдастырылған жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері, спорт ардагерлері мен сала мамандары қатысты.
Шара барысында өңір басшысы Сыр спортындағы жетістіктерге тоқталып, халықаралық және республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшыларға алғысын білдірді.
«Спорт – ерік-жігердің мектебі, мінезді шыңдайтын алаң, ұлт рухын көтеретін күш. Сыр өңірінің спортшылары әлемдік додалар мен ел біріншіліктерінде әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің атын әлемге танытуда», – деді Мұрат Ергешбаев.
Сыр спортшыларының қоржынында – 31 алтын
Жыл басынан бері Қызылорда облысының спортшылары әлем және Азия чемпионаттарында 31 алтын, 16 күміс, 22 қола медаль иеленген.
Ал Қазақстан чемпионаттарында жерлестер 120 алтын, 100 күміс және 162 қола медаль жеңіп алған.
Бұл нәтижелер өңірде спортшыларды даярлау жүйесі мен спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Соңғы халықаралық жарыстарда да қызылордалық спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды.
Ұлттық құрама сапында Сыр елінің спортшылары Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Ерасыл Әбдібек өнер көрсетіп, ел намысын қорғады. Ал Шыңғыс Медеуов жарыстың «Үздік ойыншысы» атанды.
Германияның Дортмунд қаласында өткен грек-рим күресінен халықаралық турнирде Қызылорданың спортшысы Айдос Сұлтанғали жеңімпаз атанды.
Ал футболдан «Қайсар» клубы Қазақстан Кубогының жартылай финалында елордалық «Жеңіс» командасын жеңіп, турнирдің финалына жолдама алды.
Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне 1 миллион теңгеден
Салтанатты шара барысында әлем чемпионатында қола жүлде алған отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрама сапындағы Сыр спортшыларына ерекше құрмет көрсетілді.
Аймақ басшысы спортшыларға 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сертификат табыстады.
Сонымен қатар спорт саласының дамуына үлес қосқан азаматтар да марапатталды. Оларға облыстың Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Бұдан бөлек, Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Спорт саласының үздігі» төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен министрдің Алғыс хаттары тапсырылды.
Қызылордада 24 жаңа спорт нысаны салынды
Өңірде спортшылардың нәтижесімен қатар, спорт инфрақұрылымын дамытуға да басымдық беріліп келеді.
Соңғы төрт жылда Қызылорда облысында 24 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Олардың қатарында 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы, теннис және инклюзивті спорт орталықтары бар.
Жаңа стадионға УЕФА-ның 4-санаттағы мәртебесі берілді. Бұл нысанда республикалық және халықаралық деңгейдегі футбол ойындарын өткізуге мүмкіндік береді.
Қазір облыс орталығында аумағы 25 мың шаршы метр болатын «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынып жатыр. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
388 мыңнан астам тұрғын спортпен айналысады
Бүгінде Қызылорда облысында 388 мыңнан астам адам бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданады.
Ал спорт резервін қалыптастырып, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлайтын 33 спорт мектебінде 22 мыңнан астам шәкірт кәсіби бағытта тәрбиеленіп жатыр.
Аймақ басшысы спорттағы жетістіктер мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен спортшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Сыр елінде чемпиондарға құрмет көрсетіліп қана қоймай, келешек спортшыларды даярлауға мүмкіндік беретін инфрақұрылым да қалыптасып келеді. Бүгінгі 31 алтын — осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі.
Сыр спортындағы 31 алтын өңірдегі жүйелі қолдаудың нәтижесін көрсетсе, бұл жетістіктің жалғасы жаңа спорт нысандары мен чемпиондарды даярлау жүйесінің нақты мүмкіндігін айқындайды.