Қызылордада медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қаладағы Титов шағын ауданында бой көтеріп жатқан №5 қалалық емхана тұрғындарға алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы ауданы 8 937 шаршы метрді құрайтын ғимараттың құрылысына 9,8 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 65 пайызы орындалды. Мердігерлер ішкі әрлеу, терезелерді орнату және инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстарын жалғастыруда.
Жоба толық жүзеге асқаннан кейін медициналық мекеме бір ауысымда 400 келушіні қабылдай алады. Бұл, әсіресе, халық тығыз орналасқан Титов шағын ауданы тұрғындары үшін медициналық қызмет алу мүмкіндігін кеңейтпек.
Сонымен қатар емхананы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жоспар бойынша нысанды қажетті жабдықтармен қамтып, биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделген.
Жаңа емхананың ашылуы қаладағы медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, тұрғындардың дәрігер көмегіне жақын әрі қолайлы жағдайда жүгінуіне жол ашады.