Шыңғыс Әрінов министрліктің материалдық-техникалық базасын күшейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы екі жылда Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері 1,4 мыңнан астам арнайы техника, авиация құралдары, заманауи құтқару жабдықтары, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл өңірлердегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар министрлікке қарасты бөлімшелерді жаңғырту және олардың желісін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта жаңа әмбебап құтқару құрылымдары, авиациялық және теңіз жасақтары құрылған.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 237 ерікті өрт сөндіру бекеті салынды. Олар шамамен 700 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Халықты жаппай шұғыл хабардар ету жүйесін жетілдіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Ахуалдық орталықтың мүмкіндіктері кеңейтіліп, табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелері біріктірілуде.
Кездесуде құтқарушыларды әлеуметтік қолдау мәселесі де қаралды. Министрлік қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін беру қарастырылған. Бұдан бөлек, өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару базаларының маңында қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй кешендерін салуды көздейтін арнайы тұрғын үй кластерін құру жобасы қолға алынған.
Мемлекет басшысы министрліктің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмысын оң бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудандық және ауылдық құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ заманауи технологияларды енгізіп, өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру қажеттігін атап өтті.