weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Алматыда Қалқаман-2 шағын ауданында 594 пәтерлі жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі

Алматының Наурызбай ауданындағы Қалқаман-2 шағын ауданында 594 пәтерден тұратын жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Жоба әлеуметтік осал топтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

Алматыда Қалқаман-2 шағын ауданында 594 пәтерлі жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі

Наурызбай ауданында өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында аудан әкімі Нәзира Тоғызбаева ауданда жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық және тұрғын үй жобаларымен таныстырды.

Журналистер барған алғашқы нысан – Қалқаман-2 шағын ауданында бой көтерген көпқабатты тұрғын үй кешені болды. Жоба 2029 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылған.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың сәуірінде басталған. Бас мердігер – «ҚазҚұрылысПодряд» ЖШС. Кешенді пайдалануға беру осы жылдың тамыз айына жоспарланған.

Жаңа кешен тоғыз қабатты жеті тұрғын үйден тұрады. Онда барлығы 594 пәтер қарастырылған. Оның ішінде 184 бір бөлмелі, 248 екі бөлмелі және 162 үш бөлмелі баспана бар. Пәтерлер толық әрленген күйде тапсырылады. Әр үй жолаушылар және жүк лифтілерімен жабдықталған.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, абаттандыру кезеңі жүріп жатыр. Аумақта жаяу жүргіншілер жолдары салынып, көгалдандыру және аула кеңістігін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімі Нәзира Тоғызбаеваның айтуынша, соңғы бес жылда Наурызбай ауданында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 5,6 мыңнан астам пәтер берілген. Ал соңғы үш жыл ішінде аудан бойынша 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, оның 710 мың шаршы метрден астамы эконом-класс санатына тиесілі болған.

Сондай-ақ бүгінде Наурызбай ауданында жалпы ауданы 443 мың шаршы метрді құрайтын 176 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Биыл олардың 64-і пайдалануға беріліп, нәтижесінде 3 625 отбасы жаңа баспанамен қамтылады.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мұндай жобалар тұрғын үй қорын көбейтумен қатар, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы дамыған жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→