Белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы өзіне және екі орынбасарына миссионерлік қызметті заң аясында жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ресми куәлік берілгенін мәлімдеді.
Имамның айтуынша, құжат Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының талаптарына сәйкес рәсімделген. Бұл куәлік тек мешіт қабырғасында ғана емес, интернет платформалары мен әлеуметтік желілерде де діни мазмұндағы уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуге құқық береді.
Нұрлан Байжігітұлының сөзінше, қолданыстағы заңның 8-бабының 1-тармағына сәйкес миссионерлік қызметпен айналысу үшін арнайы рұқсат қажет. Осы талап негізінде оған және екі наиб-имамға ресми куәлік табысталған.
Рұқсат алғандардың қатарында Берік Арын мен Сұңғат Саметов те бар.
Имам бұл құжаттың ислам діні қызметкерлеріне берілген алғашқы ресми миссионерлік куәлік екенін атап өтті. Алайда Қазақстанда мұндай рұқсаттың алғаш рет берілгені туралы ақпарат Нұрлан Байжігітұлының жеке мәлімдемесіне негізделген.