Ораза айт мерекесінің діни маңызы қандай? Бұл мереке мұсылмандар үшін нені білдіреді?
Біз әр түрлі мерекелерді өзіміз белгілеп, атап өтіп жатамыз ғой.
Ал Ораза және Құрбан айттың ең негізгі ерекшелігі – бұл мейрамды Алла Тағалның өзі бекітіп, тойлауды міндеттеген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Кімде-кім Рамазан айында жақсылыққа үміттене отырып ораза ұстаса, оның күналары кешіріледі” дейді. Міне, ораза айт мейрамы сол әр мұсылманның күналардан арылып жаңа өмір бастауын білдіретін күн.
Ораза айт намазы қалай және қай уақытта оқылады? Айт намазын үйде жеке оқуға бола ма?
Ораза айт намазы күн шыққаннан кейін шамамен 45-50 минут өткен соң, күн найза бойы көтерілген уақытта оқылады. Бұл уақыт күн шыққаннан кейінгі жарты сағаттан бастап, бесін намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады.
Айт намазы екі рәкаттан тұрады және жамағатпен оқылады; азан мен қамат айтылмайды. Әр рәкатта қосымша үш тәкбір айтылады: бірінші рәкатта қырағаттан бұрын, екінші рәкатта қырағаттан кейін.
Ораза айт мейрам болғандықтан оны жамағатпен оқиды. Мерекені сезіну үшін жамағат жиналады да айт намазын оқиды. Ханафи мәзһабы бойынша, айт намазын мешітте жамағатпен оқу – уәжіп. Үйде жеке оқу дұрыс саналмайды.
Ораза айт күні ораза ұстаймыз ба?
Жоқ, бұл күні ораза ұстау харам етілген.
Рамазанда пітір садақа беруді ұмытып кеткен адам ораза айт күні беруге бола ма?
Пітір садақаны айт намазына дейін берсе, жақсырақ. Үлгермей қалса, айт намазынан кейін берсе болады. Алайда, оның сауабы айт намазына дейін берілгенге дейінгідей болмайды.
Ораза айттың жастарға берер тәрбиелік мәні бар ма?
Бұл мейрам тек қана шариғат шеңберінен шықпай тойланады. Яғни, тек жақсы нәрселер жасалады. Кейінгі ұрпақ, хэлоин сияқты шетелдік мейрамдарға үйірсек болмай, өзіміздің мейрамды тойласа, нұр үстіне нұр. Айт “мейрамды арам нәрселер мен дұрыс емес көріністер болса ғана сәні кіреді” деген түсінікті жоюға көмектеседі. Сондай-ақ, ораза айт үлкенді құрметтеуге, дінді қайта жаңғыртуға үлкен мүмкіндік.
Пітір садақаны не үшін береді? Бұл тек оразада беріле ме? Ораза айтта садақа беру немесе мұқтаж жандарға көмектесу қаншалықты маңызды?
Пітір садақа берудегі бірінші мақсат – хадистерде келгендей, мұқтаж адамдар да осы күні ешкімге қолын жайып қиналмай, тоқ жүріп мейрамды сезінсін деген ниетте.
Екінші мақсат – Рамазанда біліп-білмей жасап қойған күнәларды жуып-шаю үшін беріледі.
Ораза айтта оқылатын арнайы дұға бар ма?
Арнайы дұға жоқ. Тек бауырлар бір-біріне береке тілеп, құттықтағаны жақсы. Кез келген тілек-дұғаны оқуына болады.
Ораза айтта қандай сүннет амалдар орындалады? Мереке күні мұсылмандар қандай дәстүрлі іс-әрекеттерді орындауы тиіс?
Үстіне жақсы киімдер киініп, хош иістеніп, көңілді жүрген абзал. Айт намазына бармас бұрын бірнәрсе ішіп-жеген дұрыс. Бұл оразаның аяқталғанын білдіреді.
Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с) мешітке бір жолмен барса, басқа жолдармен қайтатын болған. Оның да бірнеше хикметтері бар. Бірінші хикметі: көп адамдарды көріп, құттықтау. Сондай-ақ, бұл күні қонаққа бару да жақсы көрілген амал. Жалпы, бұл күні мейрамды сезіну – маңызды.
Сұхбат бергеніңізге рахмет! Айт құтты болсын!