Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
11 қыркүйек, 2024 / Перизат Ілес / Жаңалықтар

“Көп әйел алуды қолдамаймын”: Нұрлан имам ағынан жарылды

Теолог қоғамда қызу талқыланатын көп әйел алуға қатысты да жеке көзқарасын білдірді

“Көп әйел алуды қолдамаймын”: Нұрлан имам ағынан жарылды
Фото: Ulysmedia.kz

TikTok арқылы танымал болған имам, теолог Нұрлан Байжігітұлы көп әйел алуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz

Дін маманы  "Сырласу" бағдарламасында қонақ болып, некелескен жарын жиі қуантқысы келетінін ашып айтты.

"Әйелім қымбат сыйлық сыйлағанымды ұнатпайды. Бірде сыйлаған едім, қатты ұрысып берді. Ол кісі өте қарапайым. Сондықтан әйеліме Tiffany сыйламаймын. Әйелің қанағатшыл болса, дүниенің басы құралады екен. Жар таңдауда жолым болды", – деді имам.

Сондай-ақ теолог қоғамда қызу талқыланатын көп әйел алуға қатысты да жеке көзқарасын білдірді.

"Көп әйел алуды қолдамаймын. Ондай әңгімені жақтырмаймын. Көп әйел алып, жылатып жүрген еркектер қаншама?! Көп әйелдің бірі болып, жылап жүрген қыз-келіншек қаншама?! Әділдік болуы керек. Құранда да айтылған. Әйелдің ішінде жарылмай жүрген өкпе-реніші болады. Сен тоқал алғың келе ме, қызыңды да тоқалдыққа беруге дайын бол. Көп еркек осы сөзбен келіспейді", – деп ой бөлісті  Нұрлан имам.