Құқық қорғаушы Ляззат Ракишева 2025 жылдың 1 қыркүйегінде Алматыда 13 жастағы қызға зорлық жасалды деп мәлімдеді. Күдік қыздың әкесінің танысына тағылған.
Оның айтуынша, қыздың ата-анасы ажырасқан. Анасы сол кезде ең төменгі қауіпсіздік колониясында жаза өтеп жатқан. Бұған дейін ол көлікті мас күйінде басқарғаны үшін сотталған. Ракишеваның сөзінше, әйелге қылмыстық істің қозғалғаны, тергеу әрекеттері мен сот отырыстары туралы хабар берілмеген. Анасы болған жайтты алты ай өткен соң ғана білген.
Әлеуметтік желіде күдіктінің туыстары мен қыздың әкесі тарапынан қысым көрсетілгені туралы жазбалар тарады. Соның салдарынан жасөспірім сотта жауабын өзгерткен деген ақпарат бар. Сонымен қатар жәбірленушіге психологиялық көмек көрсетілмегені айтылған. Құқық қорғаушы күдіктінің ВИЧ инфекциясын жұқтырғанын да мәлімдеп, анасы мен қызы заңгерлік әрі психологиялық қолдаусыз қалғанын алға тартты.
Ал Алматы қаласы полиция департаменті мәліметінше, оқиғадан кейін Алмалы аудандық полициясы қылмыстық іс қозғаған. Күдікті бірден ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Барлық қажетті сараптамалар жүргізілген. 2025 жылдың желтоқсанында тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Іс бойынша әлеуметтік желіде айтылған қысым көрсету және ақпарат бермеу деректері жөнінде құқық қорғау органдары бөлек түсініктеме жасаған жоқ.
Қоғам талқылап жатқан негізгі сұрақ — кәмелетке толмаған жәбірленушінің құқықтары толық қорғалды ма және заңда қарастырылған барлық процедуралар сақталды ма?