Қарағанды қаласында 2025 жылғы 2 қыркүйекте ашылған Samga High School жеке мектебі сот шешімімен жабылмақ. Мұнда қазір тек 10 және 11-сынып оқушылары білім алады, оларды ҰБТ-ға күшейтілген бағдарлама бойынша дайындап жатқан.
Ата-аналардың айтуынша, балаларын бұл мектепке саналы түрде ауыстырған. Ай сайынғы төлем — 120 мың теңге. Физика-математика бағыты бойынша білім сапасы артқанын, оқушылардың оқу мотивациясы күшейгенін айтады.

Мектеп директоры Алишер Жаксылык лицензия алу мерзімінен кешіккенін мойындады. Оның сөзінше, мектепті ашқан серіктестік 2025 жылғы 13 мамырда тіркелген. Заң бойынша алты ай ішінде лицензия алу қажет болған. Алайда құжат жинау процесі ұзаққа созылып, талап орындалмаған.
«Иә, заң бұздық, оны түсінеміз. Лицензияны қайта алуға тырысамыз. Бірақ қазір заңды түрде оқыта алмаймыз», — деді ол.
Қала білім бөлімінің басшысы Есентай Ашим оқушыларды кез келген мемлекеттік мектепке орналастыруға дайын екенін мәлімдеді. Қажет болса, сыныпты толық көшіру нұсқасы да қарастырылмақ. Сондай-ақ бір жеке мектеп тұтас сыныпты қабылдауға әзір екенін айтқан.
Алайда 164 оқушының тек 20-сының ата-анасы көшуге келісім берген. Қалғандары балаларға оқу жылын осы мектепте аяқтауға мүмкіндік беруді талап етуде.