weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстан Конституциясын жаңғырту: саяси жүйені трансформациялаудың жаңа кезеңі

Қазақстан Республикасының Ата Заңына енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтырулар елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды конституциялық реформаның заңды жалғасы болып табылады. 

Қазақстан Конституциясын жаңғырту: саяси жүйені трансформациялаудың жаңа кезеңі

Бұл үдеріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан бастау алды. Президент бұл ұсынысты жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық сын-қатерлерге бейімделген, тиімді әрі икемді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру қажеттілігімен байланыстырды.

Конституциялық реформаның басты ерекшелігі – оның инклюзивті және ашық сипаты. Түзетулерді әзірлеу барысында азаматтық қоғам институттары, саяси партиялар, ғылыми және сарапшылық қауымдастық кеңінен тартылды. Алты айға жуық уақытқа созылған қоғамдық талқылау кезеңінде e-Otinish және eGov платформалары арқылы екі мыңнан астам ұсыныстың түсуі – конституциялық үдерістің жариялылығы мен ашықтығын айқын көрсетеді.

2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия реформаны сапалық жаңа деңгейге көтерді. Комиссия құрамына 130 өкілдің енуі қоғамның әлеуметтік, өңірлік және кәсіби әртүрлілігін барынша қамтуға мүмкіндік берді. Комиссияға Конституциялық Сот Төрағасының жетекшілік етуі реформаның құқықтық легитимдігін күшейтсе, Мемлекеттік кеңесші мен Премьер-Министрдің орынбасарының қатысуы саяси және атқарушы билік арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етті.

Комиссия жұмысының толық ашық форматта өтуі, отырыстардың тікелей эфирде көрсетіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануы конституциялық реформаның демократиялық сипатын айқындай түсті. Нәтижесінде ұсынылған түзетулер Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтып, жекелеген нормаларды жетілдіру аясынан шығып, жаңа Конституция қабылдау мәселесін күн тәртібіне шығарды.

Түзетулердің тұғырлы идеясы – адамға бағдарланған мемлекет қағидатын институционалдық әрі нормативтік деңгейде бекіту. Бұл бағыт жаңартылған Преамбулада айқын көрініс тапқан. Алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланып, бүкіл Конституцияның мағыналық өзегіне айналады. Сонымен қатар бірлік, ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің іргелі негіздері ретінде бекітілген.

Егемендік, тәуелсіздік және аумақтық тұтастық өзгермейтін конституциялық құндылықтар санатына енгізіліп, мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі нығайтылды. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттарының Конституция деңгейінде бекітілуі құқықтық мемлекетті әлеуметтік және экологиялық жауапкершілікпен ұштастыратын жаңа көзқарасты білдіреді.

Жаңа редакцияда білім мен ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі тірегі ретінде айқындалады. Бұл Қазақстанның ресурстық даму моделінен адами капиталға негізделген стратегиялық бағытқа бет бұрғанын көрсетеді. Сонымен қатар цифрландыру мәселесі конституциялық деңгейге көтеріліп, азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау жөніндегі норманың енгізілуі құқықтық жүйенің технологиялық трансформацияға бейімделуін айғақтайды.

Дін мен мемлекеттің ара-жігін нақты айқындау, білім беру жүйесінің зайырлы сипатын бекіту конституциялық зайырлылық қағидатын күшейтеді. Ал неке институтына қатысты ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы туралы ереженің енгізілуі дәстүрлі құндылықтарды сақтауымен қатар, әйел құқықтарының конституциялық кепілдігін арттыруға бағытталған.

Институционалдық тұрғыдан алғанда, реформаның ең ірі жаңалығы – бір палаталы, 145 депутаттан тұратын жаңа Парламент – Құрылтайдың құрылуы. Пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың бағдарламалық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Бұл қадам партиялық жүйенің сапалы дамуына серпін береді.

Қазақстанның Халық Кеңесін құру қоғамдық диалогтың жаңа форматын қалыптастырып, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Ал вице-президент институтының енгізілуі атқарушы биліктің саяси-дипломатиялық және қоғамдық коммуникацияларын жүйелеуге арналған жаңа тетік ретінде бағаланады.

Жаңа Конституция жобасында адвокатураға арналған жеке баптың енгізілуі, зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуы, кінәсіздік презумпциясы мен «Миранда ережесінің» конституциялық деңгейде бекітілуі құқықтық мемлекеттің институционалдық негіздерін айтарлықтай нығайтады. Сондай-ақ азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тыйым салу құқықтық қауіпсіздікті арттыратын маңызды кепіл болып табылады.

Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Ата Заңына енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтырулар эволюциялық сипаттағы терең конституциялық трансформацияны білдіреді. Бұл реформа адам құқықтарына бағдарланған, ашық, инклюзивті және болашаққа бағытталған құқықтық мемлекетті қалыптастыруды көздейді. Мемлекеттік құрылымның сабақтастығын сақтай отырып, білімге, ғылымға, инновацияға және адами капиталға негізделген жаңа даму парадигмасын ұсынады.

Алдағы жалпыұлттық референдум аталған түзетулердің қоғамдық легитимдігін айқындайтын шешуші кезең болмақ. Конституциялық комиссия жұмысының жалғасуы Ата Заң жобасын одан әрі жетілдіруге және оны қоғам сұранысына барынша бейімдеуге мүмкіндік береді.

Ақын Б.Қ.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шығыстану факультеті
Қиыр Шығыс кафедрасының доцент м.а.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→