Қарағандыдағы «Патриот» паблигінің мәліметінше, Шет ауданына қарасты Ақшатау кентінің әкіміне қатысты іс күтпеген бағыт алды. Аудан прокуратурасы сот процесі барысында айыптауды жұмсарту туралы шешім қабылдаған.
Бұған дейін «зорлауға оқталу» ретінде қаралған іс енді «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабымен қайта сараланған. Прокуратура сотқа осыған сәйкес жаңа айыптау актісін ұсынған.
Алайда жәбірленуші тарап жаңа айыптаумен келіспейді. Қыздың ата-анасының айтуынша, бұрын жүргізілген сараптамаларда орташа ауырлықтағы дене жарақаты тіркелген, сондай-ақ оқиғадан кейін жәбірленушінің психикалық жағдайы нашарлаған. Жәбірленушінің өз нұсқасында ауыл әкімі оны зорлағанын мәлімдейді.
Айыпталушы қамауда отыр. Ол өзіне тағылған зорлау айыбын мойындамайды.
Айыптау тарапының ресми нұсқасына сәйкес, әкім мен әкімдік қызметкері арасында жанжал болған, соның салдарынан жас әйел дене жарақатын алған.
Айта кетейік, 2025 жылдың мамырында ҚазТАГ Шет ауданының тұрғыны болып табылатын жас әйелдің ата-анасы істің ашық әрі әділ тергелуін талап етіп, Ақшатау ауылының бұрынғы әкімін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрағанын хабарлаған еді. Сол кезде Қарағанды облысының полиция департаменті күдіктінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын және 23 жастағы жәбірленушінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.