1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Ол арнайы салық режимдері жүйесін түбегейлі өзгертті. Енді келесі үш арнайы режим қолданылады:
- өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим;
- оңайлатылған декларация негізіндегі режим;
- шаруа және фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған режим.
Ал 2025 жылы қолданыста болған мына режимдер күшін жойды:
- бұрынғы үлгідегі оңайлатылған декларация;
- тіркелген шегерім режимі;
- бөлшек салық режимі.
Осыған байланысты аталған режимдер бойынша салық есептілігі нысандары 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолжетімсіз.
Егер қаңтар–ақпан айларында жабуды жоспарласаңыз
Салық органдары ескертеді: ескі арнайы режимдерді қолданып келген және қызметін 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында тоқтатуды көздейтін кәсіпкерлер алдын ала бірнеше қадамды орындауы тиіс.
1. 2025 жылға арналған есепті тапсыру
2025 жылдың IV тоқсанына немесе 2025 жылдың екінші жартыжылдығына (қолданылған режимге қарай) «Кезекті» белгісімен декларация тапсыру қажет.
2. Салық режимі туралы хабарлама беру
Хабарламаның екінші бөлімінде мыналар көрсетілуі керек:
- көшу нұсқасы:
- «А – оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ге», немесе
- «С – жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке»;
себебі:
- «А – ерікті түрде шешім қабылдау».
- Таңдалған режимді қолдану күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
3. Тек содан кейін ғана ЖК жабу
Одан кейін кәсіпкер:
- қызметін тоқтату туралы өтініш береді;
- тарату (ликвидациялық) есептілігін тапсырады:
- оңайлатылған декларация режимі үшін — 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған 910.00 нысаны;
- жалпы режимде — 2026 жылдың I тоқсанына немесе 2026 жылға арналған есеп;
- қажет болған жағдайда қосымша құжаттарды қоса ұсынады.
Егер кәсіпкер қолданылатын салық режимі туралы хабарлама бермесе, жүйе ЖК-ні жабуға рұқсат бермей, келесі хабарламаны шығарады:
«Қызметті тоқтату үшін Сіз қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны 2-бөлімде “А – оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ге” немесе “С – жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке” таңдап, себеп ретінде “А – ерікті түрде шешім қабылдау” деп көрсетіп ұсынуыңыз қажет. Осыдан кейін ғана қызметті тоқтатуға құқылы боласыз».