Министрдің сөзінше, жеке бизнестегі еңбекақы көлемі нақты компанияның қаржылық жағдайынабайланысты және орталықтандырылған түрде реттелмейді.
Жалақы – бизнес пен кәсіподақтардың жауапкершілігі
«Мен қазір жеке секторда жалақыны көтеру қозғалысының басында тұра алмаймын. Бұл – көбіне кәсіподақтардың жұмысы. Әр кәсіпорында жағдай әртүрлі», – деді ол.
Жұманғариннің айтуынша, қызметкерлер компанияның нақты экономикалық ахуалын өздері де жақсы түсінеді.
«Егер кәсіпорын ‘қызыл мұхитта’ болса – бәсеке жоғары, табыс аз – онда жалақы өсімі туралы айту қиын», – деді министр.
Ал пайдасы бар компанияларда сұрақ туындайды
Сонымен қатар, министр табысы жоғары компанияларда кірісті әділ бөлу мәселесі көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Пайда жақсы болып, бірақ ол басшылық пен жұмысшылар арасында тең бөлінбесе, әңгіме тууы мүмкін. Бірақ әр жағдай жеке қаралады», – деді ол.
Министр үкімет тек өз құзыреті бар салаларда, яғни мемлекеттік секторда табыс мәселесіне тікелей араласатынын атап өтті.