Оның ішінде 152 азамат магистратурада, 16 үміткер докторантура бағдарламалары бойынша білім алса, 57 маман әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-білім беру орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Бағдарламаның салалық құрылымы елдің стратегиялық басым бағыттарына сай қалыптастырылған. Стипендиаттардың 69,8 пайызы жаратылыстану-техникалық, ал 30,2 пайызы қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда білім алады.
Сонымен қатар, тағы 182 қазақстандыққа шетелдік ғылыми және зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия тағайындалды. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама отандық ғылым мен өндірістің дамуына серпін беріп, заманауи білім мен озық тәжірибені елге трансферттеудің маңызды тетігі болып отыр.
Мемлекет басшысы алға қойған — үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін жүзеге асыру мақсатында жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау күшейтіледі. Осы бағытта 2026 жылдан бастап кәсіби тағылымдамаларға «Жасанды интеллект жүйесін пайдаланушылар» атты жаңа санат енгізілмек.
Бұдан бөлек, комиссия 2026 жылдан бастап магистратура, докторантура және тағылымдама бағдарламаларында атом энергетикасы саласы бойынша мамандар даярлауға арналған арнайы санат енгізу туралы шешім қабылдады.
Грант иегерлерінің толық тізімі уәкілетті органның ресми ресурстарында жарияланады.